Шымкентте жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Адалдық – адамдықтың белгісі» атты қалалық шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға колледж студенттері, мектеп оқушылары және қала тұрғындарынан 63 өтінім түсті. Байқауды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қолдауымен «Бәйтерек» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Байқау сурет салу, ән және поэзия номинациялары бойынша өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастарға жемқорлық сынды қоғам дертінен барынша аулақ болуды насихаттап, жастардың бойында адалдықты дәріптеу, шығармашылық әлеуетін дамыту және дарынды жастарды қолдау. Сурет салу байқауы екі жас ерекшелігі бойынша өтті: 14–16 жас және 17–21 жас. Қатысушылар 90 минут ішінде тақырыпқа сай суреттерін дайындап, композиция мен түстер үйлесімі бойынша сынға түсті. Ән мен поэзия байқауының қатысушылары жанды дауыста өнер көрсетті, ал көркем сөз оқуға ерекше мән берілді.
Байқау жүлде қоры 450 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен және қала әкімінің дипломымен марапатталды.
- Көркем сөз оқу номинациясы:
o І орын – Сабина Әбдуәлі (Әл-Фараби атындағы мектеп) – 100 000 теңге.
o ІІ орын – Ұлжан Сәрсен (Мирас университеті) – 75 000 теңге.
o ІІІ орын – Асқар Бекзат (Саз колледжі) – 50 000 теңге.
- Ең үздік шығарма номинациясы:
o Ақсүйкім Ізбасар (С. Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп).
Бұл дәстүрлі түрде өткізілетін байқау жастардың шығармашылық қабілетін арттырумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және рухани байлықты насихаттауға бағытталған. Биыл іс-шара төртінші рет ұйымдастырылып, жастарды адалдық пен ізгілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды.