Шымкент қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен «Amanat» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы өткізді. Жұмысқа орналастырудан бастап, құқықтық, қаржылық, тағы да басқа кеңес беру мақсатында «TEN QOGAM» орталығы қаламызда азаматтарға қызметтер ұсынып қана қоймай орталықта түрлі тренингтер, семинарлар ұйымдастырылып келеді.
Жәрмеңкеге өндіріс, білім, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларындағы 20-дан астам жұмыс беруші қатысып, 600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде:
- 12 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға шақырылды;
- 6 азамат жастар практикасы, «Күміс жас» және қоғамдық жұмыс бағдарламалары аясында жұмысқа орналасты.
Қалған қатысушыларға аудандық мансап орталығының мамандары жұмыспен қамту шаралары туралы толық ақпарат берді. Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі өткізіледі.
Айта кетейік, 2024 жылы Шымкентте мүгедектігі бар 1368 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. 2023 жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша 1086 азамат түрлі бағдарламалар аясында жұмысқа орналасты. Оның ішінде:
- 453 адам тұрақты жұмысқа орналасқан;
- 46 адам жастар практикасына қатысқан;
- 37 адам «Күміс жас» жобасы аясында еңбек етуде.
Мұндай жәрмеңке мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға бейімделіп, олардың қоғамнан өз орнын табуына оң әсерін тигізеді. Еңбек етуге ниетті әрбір азаматтың жеке оңалту бағдарламасы болады. Яғни, сараптама жұмысы жүргізіледі. Соған сай жұмыспен қамту картасы жасалады.