Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды бастамамыз бар. Ертеректе әртүрлі жолдармен әлеуметтік маңызды нысандар жекеменшікке өтіп кеткен.
Осы нысандардың барлығына зерделеу жүргізіліп, бірқатар меншік иелері тарапынан мақсатсыз пайдалану және талаптарды орындамау фактілері анықталды. Біз тек жұмысы заңға қайшы нысандарды мемлекетке қайтару мәселесін көтердік.
Ал, жұмысы адал, өз міндеттемелерін мерзімінде орындап жатқан меншік иелеріне алаңдауға негіз жоқ.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы қаладағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайын» мемлекет меншігіне қайтарып, ғимарат жарамсыз болуына байланысты, бұзу жұмыстары аяқталды. Алдымыздағы жылы демеушілер есебінен орнына жаңа мәдени нысан салу көзделуде.
Биыл қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын жекеменшік иелігіне өткен қаладағы жалғыз «Мұз сарайының» 67 пайыз үлесі мемлекет меншігіне өтті. Бұл дегеніміз басқару құқығы мемлекетке тиесілі болды.
Сондай-ақ, өз міндеттерін орындамаған жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхананың келісім шартын бұзып, мемлекетке қайтардық.
Сол сияқты міндеттемені орындамаған сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген «Орталық су спорт кешенін» мемлекетке қайтару бойынша сотта талап арыз қаралуда.
Одан бөлек, қала тұрғындарының ұсынысын ескеріп, коммерциялық бағытқа пайдаланып келген, «Қиял әлемі» технопаркі және «Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне қайтарып, демеушілер есебінен қайта абаттандыру жұмыстарын қолға алдық.
«Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан аумақта құрылысы аяқталмаған сауда орталығының жері мемлекетке қайтарылды. Енді құрылыс нысанын бұзу бойынша іс сотта қаралуда.
Сол сияқты «Су Ресурстары Маркетинг» ЖШС-н жекешелендіру құжаттарын зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Мекеменің жұмысына да қатысты бірқатар мәселелер бар. Бүгінде заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.