Бүгін, 2022 жылдың 17-ақпанында Шымкент қаласының Полиция департаментіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Перуашев пен Қ.Иса және «Ақ жол» партиясының қалалық филиалының төрағасы Ә.Әбжанов арнайы жұмыс сапарымен келді. Алдымен департаменттің жеке құрамымен кездесіп, атқарылып жатқан ауқымды жоба-жұмыстармен танысты.
Басқосу жиынында елімізде орын алған дүрбелең кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тынышы үшін бар күш-жігерін салып, алдынғы шептен табылған тәртіп сақшыларының жұмысына оң баға берілді. Осындай жанқиярлық пен антқа деген адалдықтарын ерлікке пара-пар екендігін жеткізген халық қалаулылары әр қызметкердің жекелей талап-тілегін тыңдап, полицейлердің әлеуметтік қажеттіліктері ерекше ескерілуі маңызды екенін айтты. Бұл мақсатта ұсыныстар қабылдап, қай кезде де қолдау білдіруге әзір екендіктерін жеткізді.
Сондай-ақ, сервистік полицияның жай-күйі мен модульдік арнайы жарақтанған пункттердің қызметі туралы толығырақ баяндалды. Бұл бекетте қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын, аумақты патрульдейтін полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ететіндігін атап өтті. Яғни тұрғындар кез-келген уақытта сақшылардың көмегіне жүгіне алатындығы туралы айтылды.
Бұдан бөлек, кездесу барысында қонақтар департаменттің Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылаулар мен ондағы тәртіп сақшыларының қызмет атқаруымен танысты. Осылайша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында тәулік бойы бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұрғанына куә болды. Сондай-ақ, қала аумағында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған «SOS» батырмаларының жұмысымен танысты.
Өз кезегінде, «Алдағы уақытта сіздердей Отанға деген сүйіспеншілігі жоғары тәртіп сақшыларының қатары артса деген тілекпен, полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын! Азаматтардың қауіпсіздігі мен тынышы үшін бар күш-жігерін салып, антқа адал қызмет атқарғандарыңызды құрметтеймін. Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі заманауи бейнебақылау камераларын көріп, бұл жүйенің қылмысты ашудағы оңтайлы әрі тиімді екендігіне көз жеткізіп отырмыз», — деді «Ақ жол» партиясының төрағасы әрі мәжілісмен А.Перуашев.
Жүздесу соңында Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі А.Әмзеев: «Полиция — қашанда елдің қорғаны. Қоғамның тынышы мен тынысын бақылаушы ретінде полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, қоғамның полиция қызметіне деген сенімін жоғарылата отырып бұқарамен жақындастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау – негізгі мақсатымыз. Дәл осы бағытта аянбай қызметімізді жалғастыратын боламыз», -деп атап өтті.