Бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық – коммуникациялық орталығында қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов өткен жылы қала аумағындағы өндірістік жарақаттанудың жай-күйі, жалақы қарызы, ұжымдық шарттар мен электрондық еңбек шарттарын есепке алу және басқа да мәселелер бойынша сөз қозғады.
«Бүгінгі таңда жалақы қарызы бойынша 2 кәсіпорында 50 жұмыскерге 10,78 млн. теңге жалақы қарызы қордаланып отыр. Ал ұжымдық шарттар туралы қалада 3 846 компания жұмыс істейді, оның ішінде 1640 кәсіпорын (95,4%) ұжымдық шарттарды құрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген жоспар бойынша 2020 жылы электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне 2993 компания тіркелуі тиіс болатын. Бүгінгі таңда электрондық еңбек шарттарын 3928 компания енгізді, жоспардың орындалуы 131,2% -ды құрап отыр»,- деді спикер өз сөзінде.
Сонымен қатар, 2021 жылы басқарма тарапынан 1157 азаматтың өтініші қаралды. Нәтижесінде 234 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 410 құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, еңбек қатынастары бойынша – 289; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 109, халықты жұмыспен қамту бойынша – 12 заңбұзушылық анықталды.
Қазіргі уақытта жалпы анықталған құқық бұзушылықтардың 364-і жойылып, еңбек заңнамасына сәйкес ретке келтірілген.