Түркістан облысында жалпы 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері қарқынды дамытылуда. Былтырғы жылдың қорытындысында өңір спортшылары ел біріншіліктері мен Халықаралық жарыстарда 1179 медаль иемденген. Ал, жыл басынан бері облыс қоржынына 94 алтын, 71 күміс, 20 қола жүлде түсті. Бұл туралы брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев мәлімдеді.
Басқарма басшысының сөзінше, Түркістан облысындағы мектептерде шахматтың дене шынықтыру пәнінде ойнатылуын мықтап қолға алу қажет. Сананың толысуына септігі мол спорт түрін білім ұясында оқушылардың меңгеріп шығуына облыстық білім басқармасына ұсыныс жасалмақ.
«Облыс аумағында мемлекеттік меншіктегі 22 облыстық, 50 аудандық, қалалық спорт мекемелері бар. Спорттық нысандарда 1 450 жаттықтырушы 52 мыңға жуық спортшылармен бекітілген жоспарға сай жұмыс жүргізуде. Спортқа мықтап көңіл бөлінудің арқасында облыс сайыпқырандары ҚР чемпионаттарында жалпыкомандалық есепте І орынға 6 рет, ІІ орынға 4 рет және ІІІ орынға 2 рет қол жеткізген. Өткен жылдың қорытындысымен спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 718 004 адамға жетіп, жалпы халықтың 34,56%-ын құраған», — деді Қанат Жарылқапұлы.
Спорт саласын дамыту мақсатында Түркістан облысында алдағы уақытта атшабар, дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат-колледжі, ескек есу каналы салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, облыс орталығында мұз сарайы және теннис орталығы салынуда. Бұдан бөлек, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені қайта бой тіктеп, Балуан Шолақ атындағы спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.