Мақтаарал АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның аудан орталығында орналасқан дүкеніне ұрлыққа түскен. Яғни әйелдің дүкенінде тұрған құны 100 мың теңге болатын автокөлік жуатын аппараты мен 15 дана спирттік ішімдігін жымқырып кеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.
Мақтаарал АПБ-ның полицейлері ұрлыққа түскен ұрыны анықтау мақсатында оқиға орнын тексеріп, куәлардан жауап алды. Мұқият жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап, оны сол күні ұстады. Ол жергілікті тұрғын орта жастағы ер адам болып шықты.
Анықталғандай, күдікті түнгі уақытта аталған дүкенге өзіне қажетті заттарды алу үшін кіріп, көзіне ілінген заттарды жымқырып ізін суытқан. Содан күдікті жымқырған көлік жуатын аппаратпен ішімдіктерді өз қажеттілігі үшін арзан бағаға сатып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камерасын орнатуға кеңес береді.