Соңғы жылдарда ұялы телефон ұрлығы тақырыбы жиі көтеріледі. Қоғамның дертіне айналып бара жатқан бұл қылмыс бойынша өткен жылы, Түркістан қаласында 5 жайты тіркелсе, 2022 жылы 4 дерек болып отыр.
Соның бірі мәселен, Түркістан ҚПБ-ға ауыл тұрғыны хабарласып, ұрлықтың құрбаны болғандығы туралы арыз түсірген. Оның айтуынша, базарда орналасқан дүкендердің бірінде белгісіз біреу «Samsung J5» ұялы телефонын ұрлап кеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген шығын көлемі 63 000 теңге. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Орын алған ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел оқиға орнына жетті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын қарап шықты. Соның нәтижесінде полицейлер небәрі 3 сағаттың ішінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Учаскелік полицейлер күдіктіні Түркістан ҚПБ-ға жеткізді. Күдіктіден айғақтық зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Полицейлермен анықталғандай, жәбірленуші дүкендердің бірінде ұялы телефонын ұмытып кеткен. Одан кейін дүкенге кірген күдіктінің қараусыз жатқан ұялы телефонға көзі түсіп, ешкімнің байқамағанын пайдаланып, ұрлаған. Осылайша арам ойын жүзеге асырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ескертеді: мүліктеріңізге сақ болып, қараусыз қалдырмаңыздар. Адам көп шоғырланған аймақтарда құнды заттарыңызға берік болып, сақтық шараларын жасаңыздар. Тұрғын үйлерді, дүкендерді, ғимараттарды ашық қалдырмай, бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатыңыздар.