«Абайлаңыз, балалар!» акциясы аясында Түлкібас аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекция тобы қызметкерлері жол таңбаларын жаңартып сызуда. Шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыстың басталуы қарсаңында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын-алу, сондай-ақ балаларды көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруға байланысты дағдыларды нығайту. Елімізде әртүрлі көліктер көбейіп жатыр. Көліктер көп болған сайын, түрлі жол-көлік оқиғалары арта түсуде. Сондықтан да жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер, олардың ішінде балалар келеңсіз жағдайға жиі тап болады. Аудан бойынша ағымдағы жылдың 4 айында жасөспірімдердің қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы орын алып, 12-жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған. Осындай келеңсіз оқиғаларды алдын алу мақсатында Түлкібас ауданында орналасқан мектептер жанындағы көше жол жүйелері тексеріліп, жаяу жүргіншілер жолы мен жол таңбалары жаңартылды. Жалпы Түлкібас ауданында орналасқан мектептер саны – 60. Осыған байланысты ауданда орналасқан 60 мектептің 40 шақтысында жол белгілері жаңартылып, жолақтар сызылды. Ал 30 мектептің алдына қойылуда.
Өз кезегінде түлкібастық ата-аналар полицейлерге өз алғысын білдіріп: «Балаларымызды мектепке жібергенде, жол бойынан полицейлер күтіп алып, өткізіп жіберетінін көріп жүрміз. Осы жұмыстары үшін рақмет айтамыз. Бұл біздің уайымымызды аз да болса сейілтеді. Балалардың қауіпсіздігі баршамыз үшін маңызды» — деп атап өтті.
Түркістан облысының полицейлері ұстаздар мен ата-аналарға ұл-қыздарын жол қозғалысы ережесін сақтап жүруін қадағалап, жасөспірімдерге көлік басқаруға мүлдем рұқсат бермеу керектігін ескертеді. Жеткіншек, жасөспірімдерге жолдан өтерде кез келген жерді кесіп өтпей, арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жерлерден өтуі міндеттелді. Полицейлердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты іске асырылып отырады.