Полицейлер жол-көлік оқиғасының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтауға бағытталған рейдтік-профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп отырады. Мәселен, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кешкі сағат 19:25 шамасында жүргізушіні көлік басқару кезінде күдікті деп танып, тоқтатты. Полицейлер құжаттарын тексеру кезінде жүргізушінің масаң күйде екендігін аңғарады. Бұл жайттың анық-қанығына жету үшін оған медициналық сараптама тағайындап, нәтижесі бойынша жүргізушінің алкагольдік ішімдік қолданғаны белгілі болады. Тәртіп сақшылары аталған жайтқа қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша іс құжаттар жинақтап, заңды шешім шығару үшін аудандық сотқа жолдады. Аудандық соттың қаулысымен жүргізуші ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылданды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мас халде көлік жүргізбеуге кеңес береді. Ішімдік ішіп, заң бұзатындарға, оның ішінде көлік айдайтындарға қатаң жаза қарастырылған. Сондықтан өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеңіз!