Жол қозғалысы ережесінің сақталуы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан облысы ПД патрульдік полиция тобының қызметкерлері күнделікті қызмет атқарады. Осындай кезекті жұмыс кезінде полицейлер, кешкі уақытта «Гагарин-Жетісай-Сарыағаш-Жібек Жолы» тас жолының 134 шақырымында жол жиегінде тоқтап тұрған «Мазда» маркалы автокөлікті байқады. Тәртіп сақшылары бірден жүргізушінің жанына жақындап, қандай көмек қажеттігін сұрады. Ал жүргізуші көліктің қозғалтқышы бұзылуына байланысты тоқтап қалғанын, өз бетінше жөндеуге тырысқанымен, әрекеті сәтсіз болғанын айтады.
Сол мезетте қызметте жүрген патрульдік полицейлер, Асхат Мейірбеков, Убайдулла Бусинбеков пен Мұхан Бақдаулеттер автокөлікті тексеріп, қажетті көмекті көрсетеді. Яғни оқиға орнына жақын жерде орналасқан автокөлік жөндеу орталығынан тиісті қозғалтқыш жөндейтін маманды әкеліп, автокөліктің жөнделіп, жүріп кетуіне өз септіктерін тигізді. Полицейлердің қиналған сәтте көмек қолын созып, жәрдем бергеніне қуанған жүргізуші: «Көлігім бұзылып жолда тұрып қалдым, ешкім тоқтамады. Ал Түркістан облысының полицейлері болса, жаныма келіп, жағдайымды сұрады. Тіпті көлік жөндеушіні алып келді. Қазір көлігім жүрді, енді діттеген жеріме, Шымкентке жол тартып бара жатырмын. Шынында біздің полицейлер, ең мықтылар деп сеніммен айта аламын. Ауырмаңыздар, жұмыстарыңызға сәттілік!»-деп ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде патрульдік полицейлер, қызметіміз жолда болған соң, мұндай жағдайлармен жиі ұшырасамыз. Сондықтан жолда қалып қойған көлікті көрсек, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Мұндағы негізгі мақсат – әрбір жүргізуші мен жолаушының үйіне аман-есен жетуі. Ал біз көмектесуге қашанда дайын тұрамыз дейді.