Бүгін Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын ашық қоғамдық талқылау мәресіне жетті. Бір ай бойы жалғасқан талқылауға 2 мыңнан адам қатысып, 149 ұсыныс келіп түсті.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
–Тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстардың арасында ең жиі қозғалғаны инженерлік жабдықтау және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі. Бұл бағытта 30 ұсыныс пен сұрақ түскен. Сондай-ақ, қала аумақтарын абаттандыру және саябақ салу жөнінде 24 ұсыныс болса, қоршаған ортаны қорғау бойынша 11 ұсыныс түсті. Қабылданған ұсыныстар салалар бойынша құзіретті мемлекеттік органдармен бірге сараланады. Қала жағдайының жақсартудағы сіздердің ұсыныстарынызды тыңдай келе, бас жоспар жасалынып жатыр. Тұрғындардың тарапынан келген әрбір ұсыныс тыңдалынылып, қаралып жатыр. Ашық қоғамда талқыға салу біз үшінде бір ай көлемінде болып жатқан жобаны құрудағы мақсат болған еді. Сөйтіп олармен келісе отырып бас жоспардың жобасына өзгерістер енгізілуі мүмкін, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Айта кетейік, жоғарыда айтылғандардан бөлек қызыл сызыққа қатысты – 9, ЖОО, мектеп, балабақша және емхана, музей салу жөнінде – 9, спорт және демалыс орындарын салу туралы – 9, Нұршуақ шағынауданында саябақ аумағын қайта құрау бағытында – 5 және көпқабатты үйлер салу мәселесі бойынша 3 ұсыныс түскен.
Оған қоса тұрғындарды қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс аймақтарын салу және сәулет-жоспарлау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мәселелері де мазалайды екен. Бұл бағыттардың әрқайсысы бойынша көптеген ұсыныстар мен сұрақтар түскен. Талқылау барысында тұрғындар бас жоспарға қатысы жоқ 21 ұсынысын да айтыпты.
«Шымкент келбеті»