«Микроқаржы ұйымдары ұсынған жеке жоспарлардың негізінде 2022 жылдың аяғына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге көлеміндегі қарызын қайта құрылымдау жоспарланып отыр. 107 мың адамның 0,8 миллиард теңге кредиті ішінара, ал 28 мың адамның 0,6 миллиард теңге көлеміндегі қарызы толығымен кешіріледі», — дейді Әбдірахманов.
Осыған байланысты экономист Мақсат Халық сұхбаттарының бірінде төмендегідей пікір білдірген:
«Әр адамның 20 мың теңгесін кешірмекші. Бұл айқайлап жасайтын дүние емес. Енді кімнің несиесі деген мәселеге келсек, менің ойымша, бұл – микроқаржы ұйымдарының несиелері. Қазір мұндай ұйымдар өз несие портфельдерін тазалап алмақшы. Кей азаматтар 20 мың немесе 50 мың теңге алып, бірақ қарызы сол күйі төленбей қалған. Болмаса біреудің атына алаяқтар несие рәсімдеуі мүмкін. Мұндай қаржының төленбейтіні анық. Осындай несиелер кешіріліп жатса керек. Ал мұны халықтың несиесін кешіріп жатқандай етіп көрсету қылмыс санатына да қосылуы мүмкін. Бұлай халық арасында дүрбелең салуға болмайды», – дейді экономист.
Бірақ, бұлай шатасуға да болмайды. Агенттіктің ақпаратына дұрыс назар аударар болсақ, 1 қазанға дейін 585 млн теңге, ал жыл соңына дейін тағы 800 млн+600 млн, барлығы 1,4 млрд теңгенің проблемалық несиелерін мемлекеттің бюджет есебінен жауып бергелі жатқанын байқаймыз. Яғни, барлығы 2 млрд теңге. Бұл аз ақша емес. Және 200 мыңдай адамның несиесі толық немесе ішінара кешіріліп жатқанын ұмытпайыққ. Оның үстіне айыпақысы кешірілген 4,8 миллиард теңгеден өзгесі. Айыппұлдар микроқаржы ұйымдарының есебінен жабылған болуы мүмкін.
Әрине, несиелері жабылған немесе жабылатын адамдар үшін қуаныштымыз. Бірақ осы нәрседен дұрыс сабақ алса жақсы. Несиесі кешірілген адамның өзі қайта кредит алуда кедергілерге тап болуы мүмкін дегенімізбен, оның отбасындағы өзге мүшелер тағы ала беруі мүмкін ғой. Несиесі кешірілген адамның санасында қандай ой қалады: «құрысын, енді кредитке жоламаспын, мойнымнан ауыр жүк түскендей болды ғой» деген бе, әлде «тағы да несие алайық, түбі оны да кешірер» деген бе?
Жалпы, несие рақымшылығын жасап, мәселені оңай шеше саламыз деу қате, мұның ауыр салдарлары болуы мүмкін. Билікте мұндайды басқа жолмен шешу керектігін ұсынатын сауатты бір жанның табылмағаны таң қалдырады. Халықтың құқықтық және қаржылық сауатсыздығын пайдаланып сайлау алдында Президенттің жеке беделін көтеру әрекеті ме бұл? Солай болса, онда ақтауға болмайтын іс деп санаймын. Мемлекет қаржысын жұмсау үшін оған заңдық негіз болу керек. Несиелердің кешірілуі туралы қандай да бір заңда көрсетілген бе? Әлде биліктің құлағын ұстағандар қалаған кезінде «ананың қарызы кешірілсін, мынаның несиесі кешірілсін» дей беруіне бола ма? Өз қалталарынан төлеп жатса қуана қостаймыз ғой. Ал халыққа тиесілі бюджет қаржысын бұлай жұмсау дұрыс емес.