22.3 C
Шымкент
Четверг, 19 сентября, 2024
Smarttop.kz

ТАЛАПҚА САЙ ӨТКЕН «ТАҢДАУСЫЗ САЙЛАУ»…

Бұл жолғы Президент сайлауының Тәуелсіз ел тарихындағы ең қызықсыз сайлау болғалы тұрғанын бұған дейін де жазғанбыз. Солай болды да. Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге кандидаттар онша танымал емес, халықтың басым бөлігі танымайтын азаматтар болды. Сайлау науқанының көркін қыздыру үшін бірі бие сауып, екіншісі жілікті ұрып сындырып, ат тағалап, үшіншісі өлең айтып, би билеп жүрсе де электораттың сайлауға деген қызығушылығын тудыра алмады. Саяси бәсеке болмады.

2019 жылғы сайлауды алар болсақ, оппозицияның өзі қолдамаған әрі өзі де сайлауалды науқанын сылбыр жүргізген Әміржан Қосанов халықтың қолдауымен кей сайлау учаскелерінде басты қарсыласы – Тоқаевтан асып түссе, кей жерлерде тең түсті. Бірақ, жалпы нәтиже, әрине, ресми нұсқада басқаша болып шықты. Тоқаев басым дауыспен жеңді, ал Қосанов ОСК-нің ресми нәтижесі жарияланбай-ақ тұрып-ақ жеңілгенін мойындап, қарсыласын жеңісімен құттықтады, өзге бәсекелестерінен бұрын.

Бұл жолы Қосановтай да кандидат болмады. Кейбір тәуелсіз бақылаушылардың Алматы қаласындағы сайлау учаскелеріндегі дауыс беру нәтижесі туралы хабарламаларынан байқағанымыз, Тоқаевтан өзге бес кандидат жабылып жүріп сайлаушылардың 1-2 пайыз дауысын әзер иеленген. Тоқаев барлық жерде басым дауыспен алға шықты. Ал екінші орында биыл сайлау бюллетеніне енгізілген «Бәріне қарсымын» графасы.

Лайықты бәсекелес болмағандықтан, билік те сайлауды салыстырмалы түрде «әділ» өткізді деуге болады. Бірақ, кей өңірлерде тәуелсіз бақылаушыларға қысым көрсету, бюллетеньдерді топтап салу сияқты дәстүрлі әрекеттер болмай қалған сияқты. Бұл туралы тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру уақытында сәт сайын хабарлап отырды.

Шыны керек, соңғы жылдары билік тәуелсіз бақылаушылардың «қауіпті қарсылас» екенін аңғарды. Бұрын билік оппозициялық күштермен күресетін. Оларды бас көтерместей талқандап тастады деуге болады. Енді тәуелсіз бақылаушылармен «аяусыз күрес» басталған. Оларға қатысты заңнамаларды қатаңдатуда. Негізі әділ сайлау өткізуге мүдделі билік керісінше, тәуелсіз бақылаушыларға барынша жағдай жасау қажет. Олар волонтерлер тәрізді тегін қызмет етіп, сайлаудағы заңбұзушылықтардың алдын алады. Шын мәнінде, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысы өте ауыр. Таңғы 6-дан бастап сайлау учаскесіне кірген бақылаушы түн жарымына дейін тапжылмай отыруға мәжбүр. Психологиялық қысымды қосыңыз бұған. Мұндай бақылаушыларды марапаттау керек негізі.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ — АРМЕНИЯ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАЙЛАНЫС ОРНАТЫЛАДЫ

smarttop

Ірі тұлға Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл

smarttop

ШАҺАР БАСШЫСЫ ЖЫЛУ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІ БАСШЫЛАРЫМЕН ЖИЫН ӨТКІЗДІ

smarttop

Пікір қалдыру