Smarttop.kz

ТҮРКІСТАНДА «ҚОЗЫ КӨРПЕШ ПЕН БАЯН СҰЛУ» КҮНІНЕ ОРАЙ «NEKE TOUR» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

Түркістанда 15 сәуір – «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күніне орай «Neke tour» республикалық байқауы өтеді. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов брифингте айтты.

«Неке — отбасы құрудың негізі. Ата-бабамыз ұрпақтарына осы қасиетті ұғымды, некеге тұрудың шарттары мен тәртібін, киесі мен құндылығын ұғындырып өсірген. Түркістан облысы некеге байланысты әдет-ғұрыпты жандандырып, жөн-жоралғысын жастарға кеңінен насихаттауды мақсат етіп келеді. Бұл жоба — қасиетті Түркістанда ата-баба салтымен қиылған некенің баянды, бақытты боларына үндейді. Рабия Сұлтан Бегім, Гауһар ана, Домалақ ана сынды қазақ ұғымындағы қасиетті аналарды үлгі етіп, жас келіндерге шаңырақтың ұйытқысы болуға шақырады» — деді Нұрдәулет Данабайұлы.

Басқарма өкілінің айтуынша, «Neke tour» жобасы — өңірдің туризм саласының ілгерілуіне де септігін тигізбек. Өйткені қатысушыларға облыстың тарихи-мәдени орындары мен көрікті жерлері таныстырылады.

«Байқауға ресми некедегі және өтініш берерде неке қию туралы куәлігі бар жасы 18-ден асқан жұбайлар қатыса алады. Үміткерлер http://neketour-turkistan.com/ сайтындағы өтінішті толтырып жолдаулары қажет. 2024 жылдың 3-9 сәуірі аралығында өтініштер қабылданып, нәтижесі 10 сәуір күні «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@openturkistan» парақшасында жарияланады. Іріктелген 20 жұп «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталады. Іс-шара барысында «Селт еткізер» және «Ұйқыашар», «Ақсүйек» секілді ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрлер мен ойындар өтеді» — деді «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығының маманы Гүлдана Бекбаева.

Айта кетейік, «Шаңырақ» номинациясының жеңімпаз жұбына — Түркістанға барып-қайту билеттері, 2 күн қонақ үйде тұру шығындары, фотосессия, неке қию рәсімі мен кешкі асқа жолдама беріледі. «Махаббат» номинациясының жеңімпаздарына — 2 күн қонақ үйде тұру, фотосессия, неке қию рәсімі ұйымдастырылады. Ал «Ару» номинациясының жеңімпаз жұптарына — фотосессия, неке қию рәсімі, кешкі асқа жолдама берілсе, «Жанұя» номинациясының жеңімпаздарына неке қию рәсімі, фотосессия және сыйлықтар үлестіріледі.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТТЕ ҮШ ЖАҢА ӨНЕРКӘСІПТІК АЛАҢ АШЫЛЫП, ЕКЕУІНІҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙТІЛЕДІ

smarttop

ЭКОНОМИКА ӨСУІНІҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАРЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ БОЛЖАМЫ

smarttop

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАР ШЫҒАРУ ҚЫЗМЕТІНЕ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРУДА

smarttop

Пікір қалдыру