Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды әзірлеу мен қабылдауды тапсырған еді. Жүктелген міндет шеңберінде еліміздің барлық елді-мекендері мен қалаларында «Қоғамдық қабылдаулар» мен «Ашық есік» күні жиі өткізілуде. Басты мақсат тұрғындардың талап-тілегін тыңдау және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық өзгерістерімен халықты хабардар ету.
Соның бірі Шымкент қаласындағы Әділет департаменті мен Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Сайрам тұрғын алабында өтті. Мәдениет үйіне жиналған көпшіліктің қарасы қалың. Бірнеше жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан жол мәселесі мен жер дауы тағы да сөз болды. Бұған дейін Сайрам ауданы облысқа қараған болса, кейіннен Шымкент қаласына өткен еді. Қазіргі таңда жылжымайтын мүлікті заңдастыру, құжаттардың дұрыс болмауы тұрғыдарды алаңдатуда. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан жер телімдерін алу, сапалы ауыз су жеткізу, ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жайы көбірек қозғалды.
«Ашық есік» күніне келген Сайрам тұрғын алабы тұрғындарының бірі Баяхмет Шерметов киелі, тарихи жер Сайрамда туризм саласын дамытуды көздейтін жергілікті кәсіпкерлерге қаржылық қолдау қажеттігін жеткізді. «Шымкент қалалық мәслихат депутаттары бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Еркін Сатқанбаев бұл мәселе мәслихат отырыстарында қарастырылып жатқандығын, алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.
Шымкент қаласы Қазақстан халық ассамблясы төрағасының орынбасары Тахирбек Ишанбаев 30 мыңнан астам халқы бар шағынауданда әлі күнге дейін Оқушылар сарайының жоқ екендігін тілге тиек етті.
Сайрам тұрғын алабында шешімі әлі күнге дейін табылмай келе жатқан мәселелер көп. Халықпен ашық түрде кездесу арқылы оған көз жеткізуге болады. Ал, «Ашық есік» күнінде тек қана проблемалар көтеріліп қана қоймай, тегін кеңес беруде жолға қойылған. Мәселен, дәл осы жиынға заңгерлер, Ішкі саясат басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері қатысып отыр. Тұрғындар жекелей келіп, кеңес алуда. Тұрғындардың басым көпшілігі демалыс орнындары мен балалардың ойын алаңшалары да жеткілікті емес екендігін айтады. Алдағы уақытта, бұл мәселелер аяқсыз қалмайды,-дейді Тахирбек Нишанбаев.
Халық пен билікті жақындастыратын жүзбе-жүз кездесулер жұмыстың тиімділігін арттырып, тікелей байланысты қамтамасыз етеді. Қозғалған мәселелердің бірде-біреуі аяқсыз қалмайды дейді билік өкілдері. Бірқатары бірнеше күн ішінде шешімін таппақ. Әкімшілік кедергілер мен бюрократтық көріністерді мүмкіндігінше азайтатын мұнадай қоғамдық қабылдау тоқсан сайын өткізіледі дейді жауаптылар.
Шымкент келбеті