Қалада өрт және улану қаупінің алдын алу мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік желілерде 120, ал бұқаралық ақпарат құралдарында 25 материал жарияланып, олардың ішінде 10 басылымда, 6 телеарнада және 9 радиода материалдар жарық көрген.
Эльмира Ережепованың айтуынша, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3500 үйге аралау жүргізіліп, 7 мыңнан астам адам қамтылған. Оқу орындарында 1000 оқушыға арналған 34 интерактивті сабақ өткізілген. Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 3541 адамға арнайы жадынама парақшалары таратылған. Бұл отбасылардың үйлеріне қайта аралау жұмыстары да жалғасуда.
Әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігін арттыру үшін 81 үйге газ анықтағыш құрылғылар орнатылған. Қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер арасында меморандумдар түзіліп, 125 газ анықтағыш құрылғы сатып алынды. Барлық осал топтарды газ анықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осыған орай қаламызда өрт қауіпсіздігі күшейтіліп 3500 үй мен 22 жатақхана тексеруден өткізіліп, жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін күшейту шаралары қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газбалондарын қолданатын 22 жатақханада қауіпсіздік бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды.
Қатты отын пайдаланатын 3500-ден астам тұрғын үйге де ерекше назар аударылып, өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, тұрғындарға апта сайын улы газбен уланудың алдын алу бойынша СМС-хабарламалар жіберіліп отырады.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі