9.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТТЕ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Биылғы жылдың көктемінде Шымкент қаласы әкімдігі мен түрік «Aksa Energy» компаниясының өкілдері арасында маңызды меморандумға қол қойылған болатын. Құжатқа сәйкес, қалада қуаттылығы 500 МВт болатын заманауи бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жоспарлануда. Жобаны сәтті жүзеге асыруға қажетті жұмыстар жүйелі түрде басталып кетті.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы жобаның акционері, «Aksa Energy» компаниясының өкілі Джемиль Казанджимен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жобаны іске асыру қаланы дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып отыр, және қала әкімдігі тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Жалпы құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл ауқымды инвестициялық жоба Шымкент тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бу-газ қондырғысы іске қосылғаннан кейін қаланың экологиялық жағдайына оң әсер етіп, жергілікті бюджетке тұрақты табыс түсіреді деп күтілуде.

Қала әкімі түрік компаниясының Шымкентке қызығушылық танытып, энергия саласын дамытуға атсалысқаны үшін алғыс білдірді. Қала басшысы атап өткендей, бұл жоба алдағы уақытта қала инфрақұрылымын жақсартуға, тұрақты даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 5 қараша күні Шымкент пен Ұлыбритания арасындағы жаңа инвестициялық әріптестікке жол ашылды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Личпен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, дуальды білім беруді ұйымдастыру және Шымкентте британдық университеттердің бір филиалын ашу мүмкіндігі қарастырылды.

Бұдан бөлек, қала әкімі Шымкенттің экономикалық дамуы, инвестициялық және туристік әлеуеті туралы айтты. Британдық компаниялардың қатысуымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және қалада мәдени іс-шаралар өткізуге қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ұқсас ақпараттар

ҮКІМЕТТЕ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

smarttop

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

smarttop

600-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫНА СУБСИДИЯ АЛАДЫ

smarttop

Пікір қалдыру