Еңбекші ауданын биыл мобильді интернетпен қамту көрсеткішін 92 пайызға жеткізу көзделген.
«Ауылдардың кең жолақты интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету – ауқымды әрі бірегей жоба. Бұл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ауылдарға жүргізіліп жатқан телекоммуникация инфрақұрылымы шалғайда орналасқан елді мекендердегі әлеуметтік сала нысандарын, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ цифрлы қызметтер мен сервистерді енгізу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды дамыту есебінен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етеді. Қала аумағындағы 14 базалық станса толық желіге қосылса, 136 071 отбасы сапалы интернетпен қамтылады. Жыл соңына дейін желімен қамту көрсеткішін 91%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Қалада базалық стансаны көбейту үшін басқарма өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесе интернеттің сапасына талдау жасаған. Талданған 110 аумақтың 22 нүктесінде интернет сапасы төмен екені анықталған.
Әзірленген Жол картасы шеңберінде сапасы төмен аумақтарға 2022-2023 жылдары базалық стансасын орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жүзеге асырылса, қала аумағы 100% сапалы интернетпен қамтылады.
Өткен жылы интернет сапасы төмен Абдулабад елдімекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 10 мыңнан аса тұрғыны бар Елтай мен Тоғыс тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады.
Оптикалық интернет желімен қамту: қаладан шалғай орналасқан Мирас және Қарабастау елдімекендеріне талшықты оптика желісі жүргізіледі. 2025 жылға дейін қосымша тағы шалғайдағы 8 елдімекенге оптикалық желі тартылады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі