Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Тұран» шағын ауданындағы биыл берілетін тұрғын үйлер мен оған қатысты инфрақұрылым жүйелерінің сапасын тексеріп шықты. Шағын аудандағы халық
Өздеріңізге белгілі, халықпен кездесу барысындағы тұрғындардан түскен шағымдар негізінде шаhар басшысы әрбір нысанды жіті бақылауына алып, тұрғындар және тиісті сала басшыларынан тұратын арнайы топ құрған болатын. Осылайша, кәсіби «технадзор»-лардан бөлек, Мұрат Әйтенов жұмыс тобымен аталған аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылым жүйелерінің жұмыс сапасын бақылауға алған.
Баспанадағы ақауларды анықтауға зерделеу жұмысын жасайтын арнайы топ жүргізген бақылаулар нәтижесінде 230-дан астам пәтерде ақаулықтарды анықтап, кемшіліктің 85% мердігер мекеме тарапынан жойылды.
«Шымкентте тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 48 623 азамат тізімге тіркелген болса, оның 1819-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 9 186-сы көпбалалы отбасы, ал 16 957-сі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатында, бұл тізімде сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер де бар. Бұл кісілер ертерек өз баспанасына қол жеткізуі үшін сіздер жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындап бітуге тиіссіздер»,-деді қала басшысы.
Тұран шағын ауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінге дейін тиісті жұмыстардың 88-95% орындалған.