Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен шаһарда алғаш рет ұйымдастырылған жиынға «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымы ұйытқы болып отыр.
Еркін форматта өткен басқосуға қоғамдық даму институтының сарапшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, қаланың азаматтық белсенділері және студент жастар Мемлекет басшысының Жолдауы және алдағы орын алатын елеулі саяси оқиғалар туралы пікірлесті.
Отырысқа «Қазақстандық қоғамдық даму институты» сарапшысы Олжас Бейсенбаев модераторлық етті. Ол өз сөзінде Президент Жолдауын жүзеге асыруда азаматтық қоғамның белсенділігінің маңызына тоқталды.
–Біздің өңірлерді аралап көшпелі жиын өткізуіміздің негізгі мақсаты – азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси оқиғаларға белсенділікке шақыру. Қазір Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру үшін заңдарға өзгеріс енгізуде. Біз осы жаңашылдық үшін маусым айында өткен жалпыхалықтық референдумда дауыс бердік. Жуырда жарияланған Жолдау алдағы уақытта орын алатын жаңалықтардың бастауы ғана. Сондықтан қоғамның да жаңғыруы өте маңызды. Бұл бағытта сіздерді белсенді болуға шақырамыз, — деді сарапшы.
Ал, Шымкент қалалық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрайымы Зәуре Оралбаева Мемлекет басшысы Жолдауда келтіргендей нағыз еңбек адамы елдің дамуының негізі екенін атап өтті.
–Бүгінде халық бір-бірімен жиі пікірлесіп, тәжірибе алмасып отырмаса біз көзделген нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Ол үшін бірінші кезекте адамның ішкі мәдениеті дұрыс қалыптасуы керек. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құрушы әрбір азаматқа, оның ішінде жастарға терең білім мен саналы тәрбие қажет. Осы ұғымдар үйлесімін тапқанда ғана нағыз еңбек адамы қалыптасады. Ал, еңбек адамдары әр саланы жоғары нәтижеге жеткізуші, әрі елдің дамуының негізі болмақ, — деп атап өтті З.Оралбаева.
Жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Мәселен, «Жалын жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына қатысты бағытты тарқатып берсе, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев жастарды жұмыспен қамтудың басымдықтары туралы баяндады. «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова Жолдауда айтылған негізгі басымдықтардың бірі – әлеуметтік мәселелер жөнінде айтты.
Талқылау нәтижесінде қатысушылар тарапынан түскен барлық ұсыныс Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсыныс ретінде жолданатын болды.