Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар оқу ордаларының құрылыс жұмысын тексерді. Солардың бірі — былтыр құрылысы басталған «Нұрсәт» ықшам ауданындағы оқушылар сарайы.
Жыл басында жұмысын бастаған Оқушылар сарайы заман талабына сай жабдықталған. Білім ордасында әртүрлі бағыттағы студиялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Орталықта жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, бос уақытын тиімді пайдалануына барлық мүмкіндік жасалған. Оқушылар сарайында 1000-нан аса оқушының қосымша білім алуына мүмкіндік бар.
Еліміздің өркениетті алпауыт мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Елбасы осындай жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай да жасалуда.
Жобаны салудағы мақсат — оқушыларды сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде сабақ өткізуге және педагогтардың, ата-аналар мен балалардың тәрбие саласындағы өзара іс-қимылына жағдай жасау, балалар тұлғасының шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамыту.
7-18 жас аралығындағы 500 оқушыға шақталған нысаның 42%-ы дайын.
Ғимарат 3 қабатты, 3 блоктан тұрады. Бұдан бөлек 81 көлікке арналған көлік тұрағы және 35 адамдық асханасы болады.
Нысанның құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Шаһар басшысы “Білімді ұрпақ – іргелі елдің кепілі”, сондықтан оқушыларымыздың жеке жобаларымен, шығармашылықпен және спортпен айналысатын өз ордасы болуы керек”-дей келе, жауапты мамандарға нысанды жоспарға сай уақытында аяқтауды тапсырды.