4.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛҒАН ЕСІМ

Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына орай Шымкентте арнайы конференция өтті. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары мен тарихи тұлғаның көзін көрген азаматтар, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, бір топ зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен жастар қатысты.
А.Асқаров — Тараз топырағында туып-өсіп, еңбек жолын қарапайым мұғалімнен бастап, мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған бірегей тұлға. Тағдырдың талай тақсіретін тартса да адамдық, адалдық қасиетін асқақ ұстап, өмір өзегіне кір шалдырмай кеткен азамат.
Оның бұл қасиеттері Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып тұрғанда да өзгерген жоқ. Үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда Асқаровтай ерен тұлға елдің қасиетін, жердің қадірін кемел жүрекпен сезініп, өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті.
Шымкент шаһарының гүлденуіне де өлшеусіз үлес қосты.
Осы және өзге де алашқа үлгі болар харекеттерін айтып, әңгімелеген қала әкімі Асанбай Асқаровтың басшылығымен бой көтерген көпқабатты үйлер мен дендросаябақ, хайуанаттар бағы және өзге де мәдениет үйлері мен спорт кешендері қаламыздың көрнекті жерлеріне айналғанын тілге тиек етті.
— Асанбай Асқорав есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін бүгінде біршама істер атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражай бар. Осыдан екі жыл бұрын шаһарымыздағы дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі қаламгер Мархабат Байғұт ағамыздың «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты драмасы Шанин атындағы қалалық драма театрда сахналанып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді,-деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар, тау тұлғаның өнегелі өсиеттерін цитаталаған М.Дүйсенбекұлы «Тәуелсіздіктің қадірін бодан боп жүргенде емес, осындай еркіндікте, теңдікте, дербестікте білген жақсы. Ол үшін ұлттық санаға, қозғау салмай болмайды. Ұлттық санаға жетпей ұлт болудың қиын екенін ұмытпаған жөн» деп, сөзін нақтылай түсіп, конференцияға жиналған қауымды алда болатын мерейлі дата — Республика күнімен құттықтай кетті.
Өз кезегінде ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бүгінгідей конференцияның тарихтан тағылым алып, болашаққа нық қадам жасауға арналған бағдаршам боларын айтып өтті.
“Асанбай Асқаров есімі — шымкенттіктер үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін алтын әріппен жазылған есім. Тау тұлғаның өмір жолы мен жасаған еңбегі ұлт жадында мәңгі сақталмақ”,-деді олар.

Ұқсас ақпараттар

ЕРСҰЛТАН МҰЗАППАРОВ «ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2023» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

smarttop

Полицейлер «1 Мамыр — Қазақстан халқының мерекесіне» орай оқушылар арасында сайыс ұйымдастырды

smarttop

ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ӨҢІРЛЕРГЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БЕРДІ

smarttop

Пікір қалдыру