Бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Мағжан Исахов «Халықаралық студенттер күні» мерекесі аясында қала аумағында өткізілген іс-шаралар туралы баспасөз брифингін берді.
«17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай, Шымкент қаласында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қызыл диплом» толықметражды фильмінің алғашқы көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұл фильмнің негізгі мақсаты – жастарға кәсіби бағдар беру, саналы түрде мамандық таңдауға дайындау. Жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыру. Жастар арасындағы мәселелерді ашық көрсету арқылы оларды саналы әрекеттерге тәрбиелеу. Бұдан басқа, дарынды жастар арасында «Жайдарман» ойындарының финалдық кезеңі мен жоғары оқу орындарында өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға бағытталған «Smart student» сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті», — деді Мағжан Шыңғысұлы.
Спикердің сөзінше, бүгінде Шымкент қаласында 14 пен 29 жас аралығында 245 178 жас бар. Жыл басынан бері 37 000 жуық жасқа аудандық жастар ресурстық орталықтары қызмет көрсеткен. Атап айтқанда орталықта мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауға бағытталған мобильді топ шалағай аудандарда және үлкен-кіші базарларда мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Орталық тарапынан түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша 650-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 353 мыңға жуық жас қамтылған.
Сонымен қатар, мегаполис аумағында 9 ірі базардың жанынан Жастар ұйымдары ашылып, олармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаның негізгі бағыты – базар жастарын әлеуметтендіру болып табылады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы