4.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

БАСТЫ БАЙЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ

Тұрғындардың денсаулығы — әрдайым басты назарда тұратын мәселе. Дені сау ұлт жарқын болашақтың кепілі. Оның үстіне халықтың басым көпшілігі МӘМС үшін қалтасынан ақша шығарып отырғандықтан, мемлекет соған сай медицина саласын дамытып, емдеу ісін сапалы әрі қолжетімді етуге тиіс. Бұл үшін емдеу орындарын соңғы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтудан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру да қажет. Соңғы жылдары Шымкентте осы жағына жақсы көңіл бөлініп келе жатқанына куәміз. Бұрын кейбір оталарды Алматы не Астана барып жасату қажет болса, соның көбі өз қаламызда жасалуда. Бұл да үлкен жетістік. Ауырған адам емді алыстан іздеп, берісі Ташкент, Алматы мен Астанаға сандалып, арысы Корея, Түркия, Израиль елдеріне сандалып кетпеуі тиіс. Тіпті, Шымкент қаласының әкімдігі шаһарда медициналық туризмді дамытуды да жоспарларына қосқанын білеміз. Яғни, керісінше өзге өңірлердің адамдары ем алу үшін Шымкентке ағылып келіп жатса, нұр үстіне нұр ғой.

Тағы бір мәселе, ақпараттандыруды жолға қою керек. Осы мақсатта Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың тапсырмасымен «Медициналық ақпараттандыру орталығы» (call center) ашылды.

Орталық нөмірі 8(7252)-41-75-03.

Енді қала тұрғындары денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарын, сұрақтарын, арыз-шағымдарын телефонға қоңырау шалу арқылы жеткізе алады.

Білікті мамандармен толыққан орталық тәулік бойы пациенттер мен медицина қызметкерлері арасындағы кері байланысты ұйымдастырады. Мақсат – денсаулық сақтау саласы мен денсаулық сақтау мекемелері қызметін тұрғындар игілігі үшін барынша оңтайландыру.

Орталықта медициналық ұйымдардың тоқсан сайынғы рейтингтері қадағаланатын болады. Оның көмегімен әрбір медициналық мекемелер мен ұйымдардың олқылықтарын түзете отырып, халыққа дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілмек.

Сондай-ақ, қаламызда өзге елдер мен өзге өңірлердің дәрігерлері арасында тәжірибе алмасу жұмысы да жолға қойылған. Мәселен, күні кеше Шымкенттегі онкологиялық орталықта Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларының онколог-дәрігерлерінің қатысуымен «Онкологиялық тәжірибедегі интервенциялық хирургияның өзекті мәселелері» тақырыбында екі күндік шеберлік сабағы өтті.

Шараны ұйымдастыру үшін орталық базасы арнайы таңдалған. Өйткені Шымкент қаласы онкологиялық орталығы дәрігерлерінің онкологиялық науқастарды емдеуде интервенциялық рентгенологиялық араласуларды орындауда өте тәжірибелі.

Шеберлік сағатында мамандар өзара тәжірибелерімен алмасады. Рентгенхирургияның заманауи әдістерін қолдана отырып, пациенттерге онкологиялық көмек көрсетудің замануи әдістерін, пациенттерді қатерлі ісік және бауыр ісігі аурулары кезінде химиоэмболизациялауға іріктеу, бас және мойын ісіктері кезінде өңірлік химиоинфузия, өкпе және жатыр мойны обыры, сондай-ақ бүйрек обыры мен жамбас ісігі ауруларында ісіктерді эмболизациялау мүмкіндіктерін талқыламақ.

Былтыр Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің, денсаулық сақтау басқармасы басшысының қолдауымен және орталық басшылығының белсенді жұмысының нәтижесінде “Phillips azurion-7” заманауи ангиографы орнатылған. Бұл онкологтар үшін де, рентгенхирургиялық ем алатын науқастар үшін де соңғы үлгідегі таптырмас құрал.

Жыл басынан бері бұл ангиографта жоғары технологиялық емдеу санатына жататын бауыр, өкпе, бүйрек және жамбас қатерлі ісігінің химиоэмболизациясы бойынша 150-ден астам ота жасалды.

Орталықтың еліміздің түкпір-түкпірінен келетін пациенттерді де қабылдауға мүмкіндігі мол.

Жуырда ғана осы орталыққа тағы бір заманауи ПЭТ/КТ аппараты орнатылды. Ашылу салтанатына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, құрылғының жұмысымен танысты.

Ұқсас ақпараттар

БАЛАЛАРДЫ ҚҰТҚАРҒАН ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

smarttop

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

smarttop

БОС ЖҰМЫС ОРНЫН ОНЛАЙН ФОРМАТТА ТАБУҒА БОЛАДЫ

smarttop

Пікір қалдыру