Ядролық медицина орталығында жоғары технологиялық медицина қызметін көрсететін аппараттар орнатылған.“Varian Halcyon” — қондырғысы арқылы науқастарға сәулелік терапия емі жүргізіледі. Мұндай құрылғы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды елдердің ешқайсысында жоқ. Заманауи құрылғы Қазақстанды былай қойғанда, Орталық Азия бойынша алғаш рет Шымкент қаласындағы онкологиялық орталыққа орнатылып отыр.Айта кетейік, ПЭТ/КТ — бұл компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Басқаша айтқанда, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік беретін аппарат.Қатерлі ісіктің бастапқы пайда болу сатысын анықтауға және патологиялық процессті басқа әдістерге қарағанда ертерек білуге септігін тигізетін соны жабдық. Дәрігерлер заманауи құрылғының көмегімен обыр ауруларының ошағын дәл тауып, пациенттердің емдік шараларын дер кезінде бастауға мүмкіндігіміз көбеймек деп қуанды.
Ал қала басшысы ядролық медициналық кластер үшінші мегаполистің медициналық туризмін жетілдіретін бірден-бір тетік екенін айтып өтті.
— Өйткені біз Шымкент қаласына ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының халықтарына қызмет көрсете аламы Ата заңымыздың басты құндылығы халқымыздың денсаулығы екенін ескерсек, атқарып жатқан іс шаралар өмірдің талабы. Қымбат тұратын медициналық қызметтің бұл түрі енді жергілікті халыққа қолжетімді болады,-деді М.Әйтенов.
Әрине, осындай құрылғының орнатылып, медицинаның әлеуеті арта түскені қуантады. Бірақ, сол құрылғыны пайдаланатын жағдай тумаса, тіптен жақсы. Яғни, бәріміз де онкологиялық аурулардан алыс болып, бұл құрылғы пайдаланылмай құр босқа тұрса екен…
Бұдан бөлек литвалық дәрігерлер де шымкенттік медицина мамандарына шеберлік сабағын өтті. Бұл туралы басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков хабарлады.
«Медицина қызметкерлерінің біліктілігін, білім деңгейін және практикалық дағдыларын арттыру мақсатында Шымкент қаласына бір топ Литвалық дәрігерлер келді. Тәжірибе алмасу жұмыстары кезінде медицина мамандары қалалық перинаталдық орталық базасында кәсіби біліктілігін шыңдады.
Шеберлік сабағына қаладағы медицина ұйымдарынан 50-ге жуық маман қатысты. Тренингті өткізу үшін Каунас қаласынан халықаралық деңгейдегі мамандар, профессорлар, магистрден тұратын Литва денсаулық ғылымдары университетінен мамандар бригадасы арнайы шақыртылған. Нақтырақ айтқанда, профессор, акушер-гинеколог Томас Биржетис, неонатолог, профессор Далья Стонене, анестезиолог-реаниматолог Сергей Истигечев, акушер Данголе Качкаускене, неонаталдық медбике, клиникалық күтім магистрі — Юлия Старик.
Өзге елден келген білікті мамандар бір аптаға жуық жүкті әйелдер мен жаңа туған шақалақтарға медициналық көмек көрсету әдістері бойынша біліктіліктерімен бөлісті.
Шетелдік мамандардың қатысуымен өткен шеберлік сабағында теориялық біліммен қатар симуляциялық манекендерде практикалық дағдылар да пысықталды. Оқыту жұмыстарын ұйымдастырған мамандардың сөзінше, мұндай шеберлік сабағы жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге дер кезінде шұғыл акушерлік, неонаталдық, реанимациялық көмек көрсету сапасын арттырып, ана мен бала өлімін азайтуға зор септігін тигізеді.
Литвалық дәрігердің үйрету әдісінің ерекшелігі — олар теория мен практиканы дұрыс ұштастыра біледі. Мәселен, екі сағат теория оқытса, сол оқытқан теория сабағы бойынша практика жүзінде шеберлік сабағын өткізеді. Биыл Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан медицина мамандарын оқыту үшін 36 млн қаражат бөлінді. Жыл басынан бері 10 мыңға жуық медицина маманы кәсіби біліктілігін шыңдады. Мәселен, 800 маман жергілікті бюджет есебінен оқытылса, қалғандары емдеу және аурухана есебінен оқытылған. Менің ойымша, мұндай оқыту жұмыстары қаладағы медицина қызмет сапасын жақсартып, мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік береді»,-дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.