Қала әкімінің жеке қолдауымен басқармаға креативті индустрия функциясы берілді. Осы бағытта, біз ең алдымен, салада қамтылған кәсіпкерлік субъектілеріне талдау жасадық.
Бүгінгі таңда қала бойынша креативті индустрия нарығында 3 513 кәсіпкер жұмыс жасайды, бұл белсенді шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің 4,26%-ын құрайды.
Жалпы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген арнайы тізбеге сәйкес креативті индустрия саласына 11 бағытта 56 ОКЭД енгізілді.
Осы орайда, креативті индустриядағы бизнеске қалай қолдау көрсету керек екендігін түсіну үшін біз қадамдық жол картасын жасадық. Оны, ең алдымен, қаламыздағы креативті экономика нарығын сараптаудан бастадық. Креативті индустрия субъектілеріне барып, жеке кездесіп, өзекті мәселелерді айқындап, өзімізге әлеуетті 3 бағытты анықтап алдық, олар:
- Кино, анимациялық фильм өндірісі және музыка, салада ресми түрде 125 компания жұмыс жасайды;
- Дизайн және сән, қала аумағында бұл бағытта қызмет көрсететін 99 ұйым тіркелген;
- Қолөнершілік, Шымкент қаласы бойынша жеке және отбасымен бірге қолөнер бұйымдарын әзірлейтін 65 қолөнерші бар.
Жоғарыда атап өткенімдей, біз бұл бағыттағы кәсіпкерлермен кездесіп мемлекеттік қолдау көрсету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда «Іскер қала» кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында 1%-бен кредит алу мақсатында бірқатар кәсіпкер «СПК «Shymkent»-тің фронт-офисімен жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, Басқармадағы басымды бағыттардың бірі – сыртқы байланыстарды нығайту. Шымкент қаласының инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік әлеуетін таныстыру мақсатында сыртқы байланыстарды дамыту бойынша шетелдік дипломатия өкілдерімен және компаниялармен қала басшылығының 17 кездесуі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігімен бірлесе Шымкент қаласында Араб Әмірліктерінің Бас консулдығы ашылады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында бауырлас қалалардың 10-бар болса, 2022 жылдың соңына дейін қосымша 7 қаламен бауырластық қатынас орнатуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде: Қытайдың Далянь және Сиянь, Италияның Генуя қаласы, Әзірбайжанның Гянджа қаласы, Литваның Каунас қаласы, Болгарияның Пловдив қаласы, Татарстанның Қазан қалалары.
Бауырлас қалалармен жалпы жобаның құны 1 млрд 999 млн. долларды құрайтын, бірлескен Шымкент қаласында орналасқан іске асқан 18 жобалар бар. Іске асырылғалы жатқан бірлескен жобалар саны: 3 – дана. Жалпы құны 37.6 млн. доллар.
Оның ішіндегі іске асқан ауқымды жобалар қатарына:
- Мұнай өңдеуді модернизациялау және өңдеу жобасы бойынша бірлескен компаниялар (Қазақстан тарапынан – ПетроҚазақстанОйл Продакст) – (шет ел тарапынан – CNPC Қытай Ұлттық компаниясы).
Жоба құны 1 млрд 800 млн доллар;
- ПВХ профильдерін шығару бойынша цех (Қазақстан тарапынан – Gold Aluminium ЖШС) – ( шет ел тарапынан – Аднан Чалышкан инвесторы). Жалпы жоба құны 10 млн.доллар;
- 50 МвТ күші бар СЭС соғу жобасы (Қазақстан тарапынан – Hevel Kazakhstan) – (шет ел тарапынан – Авелар Солар Технолоджи компаниясы). Жоба құны 20 млн доллар;
Бұдан бөлек, сыртқы байланыстарды нығайтып, екіжақты қарым-қатынас орнату мақсатында жыл соңына дейін Әзірбайжан, Грузия, Италия, Греция, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Канада секілді елдерге барып, өңірдің туристік-инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру қарастырылуда.