5.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ЖАҢА САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЕЛДІ ДАМУҒА БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұрғанын атап өтті. Ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Елімізде барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік беріліп, саяси бәсеке артып келеді. Қоғамның әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуын демократияландыру үрдісінде, мемлекеттік ұлттық мекемелер мен қатар, жетекші рөл азаматтық қоғам институттарына тиесілі.
2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Президент партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн болатынын, саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық екенін, саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажеттігін мәлімдеген еді. Бұл бастамалар – мемлекеттіліктің институционалдық тірегі саналатын партиялық жүйені дамытуды жандандырып, жаңа саяси ұйымдардың пайда болуына жол ашады. Саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды.
2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы аясында бастамашылық еткен саяси реформалардың 4 пакеті партиялық-саяси жүйені либерализациялау процесін жалғастырды.
Мемлекет басшысы ұсынған сайлау арқылы саяси бәсекелестікті дамыту, көп партиялы жүйені қалыптастыру, сайлау үдерісін жандандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру – саяси жаңғырудың басты тетігі әрі өзегі. Конститутцияға былтырғы енгізілген өзгерістерге сай Президент бір рет қана жеті жылға сайлана алады. Бұл бастамалардың барлығы Президенттің саяси жаңашылдықтарды енгізуге және өзгерістерді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және пікір алуандығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарының мығым екендігін айғақтайды.
Ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін жаһандық және ішкі қайшылықтардан туындаған жаңа қатерлер бағытын дер кезінде болжамдай алатын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дер кезінде тиісті шаралар қолданатын, өз халқын ұлттық татулық негізінде жұмылдыра білуге қабілетті «Халықтың үніне құлақ асатын» күшті мемлекет қажет.
Мемлекет басшысы елдегі жағдайға талдау жасау арқылы саяси реформаларды жүзеге асыруда табысты қадамдар жасап отыр. Атап айтқанда, оларды «Халық пен билік арасында үйлесімді консенсусты орнатуға және билік органдарының ел сеніміне ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегияларын, қаңтар оқиғасынан кейін елдің тұрақтылығын, мызғымастығын сақтап қалуын және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуін, саяси жаңғыру арқылы экономикалық реформаларды жүргізуге арналған саясат және «Жаңа Қазақстанды» құру бағытына жаңа серпін беретін қадамдар ретінде бағалаймыз. Дәйектілік, сабақтастық, орындылық сипаттарға ие Президенттің ұзақ мерзімге бағытталған стратегиялары жыл сайынғы халыққа Жолдауларында айқын көрініс тауып отыр.
Президент дәйекті институционалды қайта құрылымдар, партиялық жүйені жаңғырту, Парламент қызметін өзгерту, жергілікті өзін өз басқару органдарының қызметтерін жетілдіру, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бастамалар көтеріп келеді.
Саяси реформалар бағдарламасында сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылған еді. Осылайша, 2023 жыл жаңа жүйе бойынша Сенат депутаттарын сайлаумен басталды. Нәтижесінде, әр өңірден 1 өкілден 20 сенатор сайланды. Сонымен қоса, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды.
1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енген. Бір мандатты округтер мен сайлау комиссияларын құру процесі өтіп жатыр. Енді аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау жүйесінің сапасын арттырады.

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ, саясаттанушы.

Ұқсас ақпараттар

БІЗ ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАНАМЫЗ!

smarttop

ҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БОЙЫНША ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛУДЕ

smarttop

В ШЫМКЕНТЕ ОТКРЫЛАСЬ «Аллея матерей»

smarttop

Пікір қалдыру