Жыл соңына дейін қалада Жұмысшы жастар тұрғын үй бағдарламасы аясында 888 азамат арендалық пәтермен қамтылады. Бір ескеретін жайт, арендалық көппәтерлі тұрғын үйлерге тұрғын үй басқармасы тарапынан жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондықтан арендалық баспанамен қамтылған азаматтар келісімшарт жасасқан күннен бастап 1 айдың ішінде қоныстануы, яғни көшіп баруға тиіс. Егер жалға алушы пәтер иесі 6 айдың көлемінде өзіне берілген пәтерде тұрмаған жағдайда немесе басқа да арендалық тұрғын үйді пайдаланудың талап шарттарын орындамаған жағдайда, оған басқарма тарапынан ескерту түріндегі хабарлама хаты жолданып, сот арқылы пәтер кері қайтарылады.Осы орайда Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева аптаның әр сәрсенбісі күні азаматтарды жеке қабылдайтынын айтады. Азаматтардың көпшілігі тұрғын үй мәселесі бойынша жеке қабылдауға жазылады. Олардың қатарында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары бар. Бұдан бөлек тұрғын үй кезегіне тіркелмеген азаматтарға да барынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетіледі. Басқарма басшысы мәлімдегендей, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67 және 74-баптарына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналар белгіленген тәртіппен кезек реті арқылы беріледі. Тиісті заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, бірқатар мемлекеттік қолдауларға ие болуда. Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге берілетін болады. Үміткердің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болу тиіс. Сонымен қатар қатысушының айлық табысы 40 АЕК — тен кем болмауы қажет. Бағдарламасы аясында 2020 жылы 904, 2021 жылы 300, былтыр 857 пәтер берілген. Өтініш берудің биылғы кезеңі алдын ала хабарланады.