Бүгінде нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында қала аумағындағы 200-ге жуық сауда орнында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі белгіленген бағада сатылып келеді. Биыл әлеуметтік сауда орындарының санын 300-ге жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл бағытта қант, ұн, жұмыртқа, нан және ет өнімдерін өндіретін тауар өндірушілермен келісім-шарттар түзілген. Бұл шаралар қала тұрғындарына ең қажетті тамақ өнімдерін тиімді бағада тұтынуға мүмкіндік береді. Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақты ұстап тұру үшін шаруа қожалықтарымен баға өсімінің алдын алу бойынша форвардтық келісім-шарттар түзілді. Күзде пісетін көкөніс өнімдері бойынша 2 мың тоннаға форвардтық келісім-шарт түзіліп, тауарлар 2023-2024 жылдары маусымдық кезеңде нарыққа шығарылатын болады. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтары апта сайын қаланың 8 нүктесінде ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде күнделікті тұтынатын тауарларды нарықтан 10-15% төмен бағада сатуда. Тауар бағасын қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында құзырлы мекемелер арнайы комиссия құрып, жеткізу қызметімен айналыстын дистрибьюторлардың босату бағаларына электрондық шот-фактуралар арқылы тұрақты түрде талдау жүргізіп келеді. Бүгінде базарлар сауда желілерімен өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандум аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуде. Жалпы қала аумағында қазір азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, халық көп тұтынатын тауарлар тұрақты бақылауда. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі