Бүгінде климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестақуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда. Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделуде. Тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі елдің ашықтығының, нарықтық экономикаға бейілділігінің әрі бизнес жүргізуге тартымдылығының басты белгісі саналады. Сондай-ақ бұл – кез келген мемлекеттегі жағдайдың тұрақтылығының айқын дәлелі. Әйтпесе, берекесі қашқан елге инвесторлардың қаржы құюы былай тұрсын, маңайламасы анық. Ал Қазақстан тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Бұл дегеніміз қомақты қаржы ғана емес, бұл – ірі жобалар, жаңа технологиялар. Біздегі шикізаттық базаның молдығы, саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық климаттың мықтылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы тікелей шетелдік инвестицияға жол ашып отыр.Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн. АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі — 161,3 млн теңгені құрайды. Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн. теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған. Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру, синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады. Инвестиция тарту мәселесі — тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі