0.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ТҮРКІСТАН: ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген. Дегенмен, туризм саласында әлі де ізденіс, жұмыс, тың идеялар керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы мәжілісте осы бағыттағы кемшіліктерге тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі өткен жылы 5 млрд. теңгеге жеткен, биылғы 1-тоқсанының қорытындысымен 1 млрд. теңгені құрап отыр. Туристік қызмет саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 2022 жылы 68,9 млрд. теңге болса, биыл 5 айда 10,8 млрд. теңгеге жеткен.
Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.
Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда.
Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.
Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

Ұқсас ақпараттар

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ПАРТИЯ ФИЛИАЛДАРЫН БАСҚАРМАЙДЫ

smarttop

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚЫТАЙДЫҢ БАС КОНСУЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

smarttop

ИСФИДЖАБ ТҰРҒЫН АЛАБЫ ЭЛЕКТРМЕН ЖӘНЕ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛҒАН

smarttop

Пікір қалдыру