Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен қолға алынған «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған «Іскер қала» жобасына биыл 1,4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде ерекше креативті бизнес идеясы немесе аяқтан тұруды қажет ететін кәсібі бар бастамашыл 215 жобаға 516,3 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Оның ішінде шағын несиелендіру бойынша 497,8 млн. теңгеге 204 жоба, жалдау ақысын өтеу бойынша 18,5 млн. теңгеге 11 жоба мақұлданды. Шымкент қаласы кәсіпкерлік саланы дамыту бойынша елімізде алдыңғы озық қалалардың қатарында.Айта кетейік, бұл индустриялды аймақта жеке инвестордың есебінен инженерлік-инфрақұрылым жүргізіліп, өндірістік ғимараттар салынады. Өз кезінде шағын кәсіпорын орнын ашқысы келетін кәсіпкерлер осы аймақтан дайын ғимаратты жалға алады. Ал, «Іскер қала» бағдарламасы арқылы жалға алу құнының бір бөлігі субсидияланады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге 50 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер ұсынылады. «Бүгінде мемлекет өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударып отыр. Бұл бағытта бірнеше ұлттық жобалар қабылданып, бүгінде нәтижелі орындалуда. Ал, Шымкент қаласындағы «Іскер қала» өңірлік бағдарламасындағы қолдау тетіктері кәсіпкерлер үшін тиімді. Ұлттық экономика министрлігі бұл тәжірибені зерттеп, бүкіл республикаға тарату мүмкіндігін қарастыруы тиіс», — деді премьер-министр.
Айта кетсек, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасының ерекшелігі жас және әйел кәсіпкерлер үшін жылдық 1%-бен 10 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сонымен қатар, өнеркәсіптік парктерді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге тоқтап тұрған өндірістік кәсіпорындардан өнеркәсіптік алаңдар беріледі. Өнеркәсіптік парк аумағында өз жобасын іске асыру үшін 2%-бен 50 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер алуға болады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі