2016 жыл. Сәуір айы. «Қошқар ата» өзенінің жағалауында бір топ балалар жаттығып жүр. Жас балуандар бір сағат өзенді айнала жүгіріп, бір сағат темір жақтауды жағалай шынықты. Жас шәкірттерді бұл орынға елге белгілі бапкер Жангелді Жұмабаев ертіп келген. Абаттанған бұлақтың тыныс-тіршілігімен танысу үшін барған мен осындай жаттығу үстінен түстім. Бас-аяғы 15 спортшы. Бәрі де Шымкент қалалық №1 спорт мектебінің шәкірттері екен.
Жангелді Жұмабаев – еркін күрестен он жылдан астам облыстың аға бапкері болған маман. Сол кезде 2000-2001 жылы туған еркін күрес балуандары Түсіпхан Сайхановты еске алуға арналған халықаралық турнирге дайындалып жатты. Солардың арасынан кесек денелі, кең жауырын 16 жасар бала ерекше көзге түскен еді.
Биыл міне, сол жас балуан Сержан Елеусізов 23 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Шілде айында өткен Испания Гран-При турнирінде 92 келіде күміс жүлдегер атанып, осындай атаққа ие болды. Бұл – төгілген тердің өтеуі болса керек. 2005-2015 жылдары он жыл Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері болған білікті маман жастарға сенім артты. Олар үмітті ақтай білді.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жангелді Жұмабаевпен тағы да жүздесіп, аз-кем әңгімелестік. 2023 жыл шәкірттері үшін жемісті жыл болғанын айтады. Сержан Елеусізов ұлттық құрама сапында ТМД ойындарында 92 келіде күресіп қайты. Марлен Құрылысбек аса ауыр салмақта жастар арасында әлем чемпионатында белдесті. 2004 жылғы, бойы 195 см, салмағы 108 келі тартатын жас балуанның бітімі бөлек. Ел үміт артып отыр. Бәрі де болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар. Одан бөлек, Мұхамедсұлтан Көпбаев деген дарынды жас өсіп келеді.
– Біз шәкірт тәрбиелеп, ел намысын қорғайтын азаматтарды шығару жолында еңбек етеміз. Бір ғана спорт мектебінде бапкерлік қызмет атқарып жүргеніме 35 жыл болды. Барлық баспалдақтан өттім. Қазіргі уақытта осы спорт мектебінде еркін күрестен аға жаттықтырушымын. Алдымен Қажымұқан Мұңайтпасов атында, одан кейін №8 мектеп болды. Қазіргі атауы – қалалық № 1 спорт мектебі. 2015 жылы аға жаттықтырушылық қызметті жастарға бердім. Оларда жастық жігер, идея деген көп. Жеке шәкіртім Жасұлан Мұхтарбекұлы Бейжің олимпиадасына қатысты. 2005-2015 жылдар аралығында әйелдер құрама командасына да аға бапкер болдым. Ол кезде де қаншама спорт шеберлерін дайындадық. Бапкерлік жолымды 1986 жылы осы мектептен бастадым. Екі жыл әскерге барып келдім. 1988 жылы мектепке қайта жаттықтырушы болып қайта кірдім. Содан бері осы осындамын. Еңбегім еш кеткен жоқ, – дейді ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған білікті маман.
Жангелді аға 1984 жылы Шымкент қаласындағы дене тәрбесі техникумына түсіп, оны 1986 жылы бітіріп шығады. Міне, сол жылдан бастап жауапкершілігі зор шәкірт тәрбиелеу қызметіне кіріседі. Дайын асқа тік қасық болмай, негізінен балаларға кішкентайынан күрес әліппесін үйретіп, тәлім беруді қолай көреді. Әрдайым ауыл-ауылдарды аралап, дарынды жастарды іздеп жүргені.
Білікті бапкер 80-ге жуық спорт шеберін, бірқатар ХДСШ шәкірттерін тәрбиеледі. Он оқушысы спорт мектептерінің басшысы. Бұл да бір еңбектің ақталғаны болар. «Бапкер мықты болса, бап та шабады, бақ та шабады» деп текке айтылмаса керек. Жангелді Жұмабаев өз саласында тынымсыз, жанкештілікпен еңбек еткен, нағыз үлгі алатын еңбек адамы.
Толық ақпарат «Шымкент келбеті» газетінің №68 санында жарық көреді