Шымкентте «Даму» қорының аймақтық филиалы арқылы өз жобасын жүзеге асырушылар көбейіп келеді. Биылдың өзінде «Даму» қорының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы кәсіпкерлердің 391 жобасын мақұлдап, 5,7 млрд теңгеге дейін кепілдік берді. Мүмкіндікті пайдасына асырған талапты жандар ойдағы орайлы ісін бастап та кеткен.
«Даму» қоры Шымкент қалалық филалы «Шымкент қаласындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізіп, онда өңірлік филиал директоры Ерлан Түктібаев журналистерге осы бағыттағы жұмыс барысын баяндады.
– Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап
облыста 4 523 жоба субсидияланып, несие сомасы 317,3 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлердің 3 315 жобасы «Даму» қорынан 30,0 млрд теңгелік кепілдік алып, жалпы несие сомасы 65,6 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда субсидиялармен кепілдіктерге өтінімдер электронды түрде egov.kz онлайн даму сайты арқылы қабылданады. Толық ақпаратты Қонаев даңғылы 95/1 мекенжайына барып алуға болады, –деді Ерлан Түктібаев.
БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистер мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Баспасөз өкілдері жиһаз өндірумен айналысатын «Шым Снаб 13» компаниясына қарасты кәсіпорынға соқты. Кәсіп иесі Абзал Жапабаев 2015 жылыдан бастап жұмысын бастаған. Қазіргі таңда 25 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.
–Кәсіпорында оқу орындарына арналған жиһаз жасап, оны тұтынушыларға ұсынамыз. Бұл кәсіпті бастамас бұрын «Банк ЦентрКредиттен» жылдық сыйақы мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрайтын несие алып, сол қаржыға құрал-жабдықтар сатып алдық. Парталарымыз заманауи технологиямен жасалған, отыруға ыңғайлы, – деді Абзал Жапабаев.
Кәсіпкер «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында өз несиесінің сыйақы мөлшерлемесін ішінара субсидиялауға өтініш берген. Қазір кәсіпкер несиенің сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын ғана өзі төлейді, қалған 14,75 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. А.Жапабаев арзан несие кәсіпкерлер үшін зор қолдау екенін айтады.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері «ADAN» жекеменшік мектебіне жол тартты. Бастауыш мектептегі барлық сыныптар мультимедиялық құрылғылармен, кликер, интерактив тақталармен жабдықталған. Бұл сабақты барынша қызықты етіп өткізіп, баланың оқуға деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Мектеп директоры Дария Сванова «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында мектепке негізгі құралдарды сатып алуға «Forte Bank» АҚ-ы арқылы жылына 14 пйызбен несие алған екен. Оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.
Әрі қарай журналистер кәсіпкер Нүркен Өтегеновтың жұмысымен танысты. Ол «Danico» брендімен балаларға тоқыма өнімдері мен киімдер шығарады. Кәсіпорын «Банк ЦентрКредит» АҚ-ы арқылы құрал-жабдықтар алу үшін жылына 19,5 пайыбен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында бұл жобаның да несиесінің сыйақы мөлшерлемесі ішінара субсидиялануда. Қазір кәсіпорын қарызын жылына 6 пайыздық үстемақымен төлейді.
«Шымкент келбеті»