Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті. Оған Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, өндірісте пайдаланатын шикізаттың (күнбағыс тұқымы көлемінің азаюы) және шикі майға әлемдік бағаның өсуіне байланысты күнбағыс майының бағасы қымбаттап отыр. Осы орайда күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат беріледі. Нәтижесінде 500 мың литр күнбағыс майы қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының күнбағыс майын және құмшекерді белгіленген сауда нысандарында нарық бағасынан төмен бағада тұтынуға мүмкіндік береді.
Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл ретте Үкіметке Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес бүгінде өңірлерде кешенді шаралар қолға алынды.
Форумның мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда, дефицитті алдын алуда көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын ала келісім-шарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі жиында халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуде бірқатар келісім-шарттар түзілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі