Бүгін әріптестеріммен бірге қаладағы бірқатар нысандарды араладық. Қаратау ауданындағы өрт сөндіру депосы кешені мен Оқушылар сарайының құрылысын бақыладық. Салалық басқарма басшысы мен аудан әкіміне құрылыс сапасына бақылауды күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ, Алматы мен Ташкенттен қалаға кіре берісте «Shymkent» жазуы бар стела орнату орындарын тексердік.
Бұдан бөлек, Абай ауданы, “Ынтымақ” шағынауданына қарасты Жидебай көшесінің тұрғындарымен кездестім. Табиғи газбен қамту, кәріз, көше мен тротуарларды асфальттау мәселелерін талқыладық. Қала тұрғындары жылдар бойы шешілмей келе жатқан жақын маңдағы қоғамдық көлік аялдамасына жаяу жүргіншілер жолын ұйымдастыру мәселесін көтерді.
Әңгімелесу барысында, проблеманың оң шешімі табылып, учаске иесі тұрғындар үшін жолды ашып беретін болды. Аудан әкіміне уақытша өту жолын ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Алдағы уақытта заң талаптарын сақтай отырып, жер телімін мемлекетке қайтару мәселесін қарастырамыз. Сонымен қатар, Қаратау ауданына қарасты Қайтпас шағын ауданында бүгінде 15 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 3 891 жеке секторлы үй, 3 мектеп, 18 балабақша орналасқан. Қазіргі уақытта балалар ойын алаңшасын салуға тиісті жер қарастырылып, биыл балалар қуанышына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қайтпас шағын ауданындағы 55 көшенің қазір 50-і асфальтталған, 5-еуіне шағал тас төселген. Айта кетейік, биыл шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Сондықтан Ер Жәнібек, атауы жоқ №1,2,3,4 көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Әл-Фараби ауданы, Әлімқұлов көшесінде тұратын тұрғындардың өтінішін де назардан тыс қалдырмадық. Кездесу барысында халық көшені жарықтандыру, пандустың жоқтығы және балалар алаңын жаңғырту қажеттілігі сынды бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Аудан әкімдігіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, азаматтардың өтінішіне жіті назар аударуды тапсырдым.
Аралау соңында Еңбекші ауданы, “Қаратөбе” шағынауданының тұрғындарымен де кездестім. Онда суару жүйесі мен спорт нысандарының жұмысы, кәріз желілерін жаңғырту мен гүлзар салу мәселелері талқыланды.