ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында тұрғындармен кездесіп, бірқатар нысандарды аралап жүр. Мәжіліс депутаты алдымен “Тассай”индустриалды аймағындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жұмысшылармен әңгімелесті.
Шымкент — Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтарының бірі. Қалада түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары бар.
2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында Шымкент қаласында ағымдағы бағамен 134,7 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі (шағын, қосалқы кәсіпорындарды, тұрмыстық секторды қоса алғанда) өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 101,8 % құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 110,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,5 пайызды құрады.
Мәжіліс депутаты медициналық бұйымдар шығаратын MARAI E7 group кәсіпорнында болды. 2017 жылы іске қосылған кәсіпорнының жұмысшыларының ұсыныстарын тыңдады. Өндіріс басшылары кездесуде шығарған өнімді сату бойынша бірқатар мәселелерін жеткізді.
Р.Берденов елімізде медициналық бұйымдар шығаратын 60-қа жуық компанияның өнімдеріне қолдау көрсету бойынша мәселелер көтеретінін айтты.
Сондай-ақ, Руслан Арысбекұлы «Азия Трафо» ЖШС кәсіпорнына барды. «Asia Trafo» – отандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. 2019 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, бүгінде шет елдерден де сұраныс бар.
Мәжіліс депутаты өндіріс орнының сынақ зертханасын, дәнекерлеу-дайындау цехын аралап көрді.
Айта кетсек, Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында 30-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.