Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісінде экологияның өзекті мәселелері, «Шымкент Бас Жоспары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының 7 айлық қорытындысы талқыланды.
Экология департаментінің басшысы Е.Қозыбаев мегаполистің экологиялық ақуалын баяндап, тексеру барысында анықталған бұзушылықтарға тоқталды. Санитарлық қорғау аймақтарын бекітуге, өзен сулардың жағдайын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Н. Жүнісбеков «Шымкент Бас Жоспары» мекемесі тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты – қала құрылысын, сәулеттік келбетін жақсарту, жер қатынастары және қала аумағын тиімді пайдалану саласын жетілдіру болып табылады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ж.Утебаева жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының орындалуына тоқталды. Жалпы, биыл қалада 26 482 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жоспар екі бағытта — азаматтардың жеке бастамасымен және қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары шеңберінде жүргізілуде. Жұмыс орындарының құрылуына мүдделі салалық басқармалардың тиісті іс шараларды жүйелі түрде атқаруына қатысты тапсырмалар берілді.
Қала әкімі сондай-ақ жауаптыларға жастарға қарастырылған білім гранттарын беруді тездету, жол құрылыстарын мерзімге сай атқару, тұрмыстық қалдықтарды жинастыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
2024 жылы Шымкентте құрылыс саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Биыл үлкен жобалар жүзеге асырылып, жыл соңына дейін тапсырылмақ. Бұл біздің қала тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсартуға арналған үлкен қадам. Бұл алдағы жылдарда да Шымкенттің даму қарқыны жоғары болатынын көрсетеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі