Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті рет қаладағы кейбір нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап шықты.
Әкім алдымен Тұран ауданы, “Жаңаталап” тұрғын алабындағы көпір құрылысының барысын тексерді. Жауапты мамандарға нысанды уақытында аяқтап, құрылыс сапасына мән беру қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданындағы “Шымкент қаласының №2 жеңіл атлетика мен велосипед спортынан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі” КММ-не барып, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында басқарма басшылығына жүгіру жолын кеңейту, спорттық құрал-жабдықтар сақтайтын ғимарат соғу, сондай-ақ мекеме аумағында воркаут алаңдарын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Жангелдин, Б.Момышұлы көшесі, Қонаев пен Тәуке хан даңғылы және Әл-Фараби алаңының санитарлық жағдайына да мән беріп, аралап шықты.
Әкім кезекті аралау қорытындысы бойынша аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларына барлық қоғамдық нысандардың жағдайын күнделікті қадағалауды тапсырды. Аулалар мен көшелердің таза әрі тұрғындар үшін қауіпсіз болуы маңызды екенін жауапты мамандарға ескертті.
Айта кетерлік жәйт қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Абай саябағында орналасқан скейтпарк құрылысы да қайта жаңартылып жатыр.
Сынған граниттер ретке келтіріліп, сырғанау тақтайшалары қайта жаңартылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта скейтпарк жарықшамдары жұмыстары мен орындықтары және спорт алаңшалары қайта қалпына келтіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалынбақ.
Қазіргі таңда аталмыш жобаны ,«Cash and Port» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда, 2 жылдық кепілдік мерзімі бар.