1.3 C
Шымкент
Четверг, 21 ноября, 2024
Smarttop.kz

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛЫП ЖАТЫР?

Халық саны миллионнан асып мегаполиске айналған Шымкенттің «Республикаалық маңызы бар қала» статусына ие болғанына да біраз жыл болды. Кез келген мәртебе жауапкершілік те жүктейді. Шымкенттің ірі мегаполистерге сай кез келген саладағы дамуымен өзге қалаларға үлгі болуы сол жауапкершіліктің негізгісі болса керек. Қалалар іріленген сайын жан-жағындағы елдімекендердің халқын өзіне магнитше тарта бастайтыны жазылмаған заңдылық. Әлбетте, мегаполис тек жұмыс іздеген адамдарды ғана магнитше тартпауы қажет. Ол туристерге де тартымды болуы тиіс. Сол сияқты ірі мәдениет, білім-ғылым, өндіріс орталығына айналып, өнерлілер мен таланттардың, дарындылардың басын қосатын орталық бола алуы тиіс. Сол сияқты жайлы өмір іздегендер үшін де мегаполис құшағын айқара ашып отыруы керек. Қай жағынан алсақ та қала өмір сүруге қолайлы, әрі әсем, әрі болашағы зор, тұрғындарының табысы жоғары қалаға айналуы тиіс. Мегаполиске осындай жарасады. Ал Шымкент сондай қалаға айнала алды ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласының дамуына ерекше назар аударып отырғанына күмән жоқ. Жыл басындағы кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Сол сияқты, Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында, Ұлттық Құрылтайда, басқа да маңызды жиындарда айтылып, беріліп жатқан жалпылама тапсырмалары Шымкентке де қатысты. Ендеше сол тапсырмалар қаншалықты орындалып жатыр? Соңғы жаңалықтарға ғана аз ғана шолу жасап шығайық.

Білесіздер, Президент 2023 жылғы халыққа Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын жариялаған болатын.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз», — деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Биылғы Жолдауында да: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс», — деп ұлттық жоба туралы айтып өтті.

Міне, күні кеше, Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге қалада алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысты. Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастайды.

Қала әкімі тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтай отырып, мектептер тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болғанына тоқталды.

Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктары бар заманауи мектептерде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылды. Сондай-ақ, хореографиялық және төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг бар.

Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылады.

Сонымен қатар, Президент биылғы Жолдауында түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетудің маңыздылығынаа да арнайы тоқталған болатын. Тіпті, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жолдауда мынадай қатарлар бар:

«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.

Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.

Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді».

Расымен, көбіміз көзге іле бермейтін қарапайым жұмысшылар екінің бірінің қолынан келмес ерлікке барып жататын кездері көп. Соңғы жылдары ондай қызметкерлер лайықты марапатталып жүр. Олардың ішінде өрт ортасынан адамдарды, сәбилерді құтқарған қатардағы жұмысшылар да, суға секіріп адамды ажалдан арашалап қалғандар да, жол үстінде жүкті әйелді босандырып алатын полицейлер мен жолсеріктер де бар. Тіпті, былтыр Шымкенттегі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағанда сол маңайда басқа шаруалармен жүрген Тұран АПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Арман Әріпжановтың оқиғаның үстінен түсіп, қылмыскерді дер кезінде құрықтауы да – қарапайым қызметкерлердің арнайы тапсырмасыз-ақ кейде ерен ерліктерге баратынын көрсетеді. Әлбетте, мұндай жандар марапаттауға әбден лайық-ақ. Сондай жандардың қатарына қарапайым слесарь Ермахан Манқараевты да қосуға болады.

Республика күні қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ермахан Манқараевты марапаттап, газ саласы маманының батылдығы мен кәсібилігін атап өтті.

14 қазанда ол көршісінің өтінішімен пәтердегі газ жабдықтарын тексеру кезінде көміртегі тотығының жоғары деңгейін анықтап, шұғыл әрекет еткен.

Есікті қосалқы кілттермен ашқанда балалар ес-түссіз, ал анасы ауыр күйде жатқан. Ермахан Манқараев көміртегі тотығы деңгейін тексергеннен кейін құрылғыларды бірден ажыратып, терезелерді ашып, балаларды құтқара бастаған. Тынысы жоғалған ұлдарға жансақтау әрекеттерін, жанама жүрек массажын жасағанда олардың дем ала бастағаны байқалған.

Оқиға орнына шұғыл жеткен дәрігерлердің айтуынша, слесардың сауатты әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Отбасы ауруханаға көміртегі тотығымен ауыр уланумен түсті. Шымкентке Астанадан қонаққа келген тұрғындар көмектескендердің барлығына алғыстарын білдірді.

Пәтердегі қауіптің көзі — қарапайым газ бағанасы болған, мұржасы қоқысқа толы болған.

Ендігі айтарымыз — экология мәселесі. Президенттің экология мәселесіне ерекше назар аударатынын жақсы білеміз. Тіпті Алматыдағы сауда орталығының алдындағы ағаштың кесілгенінің өзіне назар аударғаны бар. Сондай-ақ, Президент тапсырмасымен 2020 жылы орман алқаптарында – 2 млрд, ал елді мекендер аумағында 15 млн түп ағаш егуді тапсырылған. Бұл меже 2025 жылға дейін бағындырылуы тиіс-ті. Әрине, кей өңірлерде Президенттің тапсырмасы орындалмай отыр. Ал Шымкентте… Еліміздің үшінші мегаполисінде ағаш егуді былай қойғанда, адамдар демалатын саябақтар мен скверлердің соңғы уақытта көптеп ашылып жатқанына куәсіздер. Халқы тығыз қалаға демалыс орындарын көптеп салу қажетті шара. Әр саябақ ағаштармен көмкеріліп жатса, бұл алып қаланың экологиясына да жағымды әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Әсіресе, қаламызға Ғабит Сыздықбеков әкім болып келгелі бұл мәселеге ерекше назар аударылып келеді. Тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру да – Президенттің тапсырмасы.

Шымкентте соңғы айларда ғана салынып/ашылып қолданысқа беріліп жатқан сондай саябақтарды бұл жерде тізіп отырмай-ақ қоялық. Одан да таяу арада тағы да саябақтар қатарына қосылатын жаңа құрылыс туралы айтайық.

Достық шағынауданындағы бұрынғы қоқыс полигонының аумағында Экопарк құрылысы басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен мұнда ауданы 45 гектар жасыл аймақ құрылады, оның 38,6 гектары көгалдандыруға бөлінеді. Құрылысқа табиғи материалдар пайдаланылады. Табиғи ландшафтқа сәйкес келетін велосипед жолдары салынады. Ал көмірқышқыл газын шығаратын құбырлар қолайлы етіп жүргізіледі.

Экопарк ойын алаңдарынан спорт нысандарына дейін 9 ашық демалыс аймағы ұсынылады. 10 шақырымдық серуендеу жолында 4000-нан астам жапырақты ағаштар отырғызылып, табиғи оазис атмосферасы құрылады. Қалдықтардың үстіне органикалық тыңайтқыштармен байытылған қалыңдығы 1,5 метр топырақ қабаты салынады.

Жоба инвестициясы 5 млрд теңгені құрады, бас демеушісі — Hexo Foundation. Құрылыстың аяқталуы 2025 жылдың соңына жоспарланған, барлық жұмыстар тек бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізіледі. Осы жылдың көктемінен бастап полигонда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: 250 000 текше метр топырақ төселді, тереңдігі 120 метр бес ұңғыма бұрғыланды, жоспарланған 3000-нан 500 метр қоршау орнатылды.

Журналистермен кездесуде саябақтың атауы таңдалып, қала әкімінің тарапынан қолдау тапты.

Міне, Президенттің ерекше тапсырмаларының бір парасы Шымкентте осылай мүлтіксіз орындалуда. Осының арқасында қаламыз нағыз мегаполис статусына лайықты шаһарға айналуда.

Гүлдене бер, Шымкентім!

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ: МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БИЫЛ 1000-НАН АСТАМ ОҢАЛТУ ҚЫЗМЕТІ КӨРСЕТІЛГЕН

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫНА 72 МЛН ДАНА ЖҰМЫРТҚА ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

smarttop

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ АУДАНДАРДА ЖАЛҒАСТЫ

smarttop

Пікір қалдыру