Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Әл-Фараби ауданындағы №39 орта мектепке арналған 375 орындық қосымша ғимараттың құрылысымен танысты. Жобаға оқу кабинеттері, асхана, спорт залы және мектеп аумағын абаттандыру қарастырылған. Құрылысты аралап көрген әкім мердігер ұйымға барлық жұмысты сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Одан әрі шаһар басшысы Қаратау ауданында орналасқан Шымкент қалалық мемлекеттік архивіне барды. Құжаттарды сақтау шарттарымен және архив материалдарын қалпына келтіру кабинеттерінің жұмысын бақылады. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысына мәліметтерді цифрлық форматқа автоматты түрде көшіру жұмыстарын күшейтуді тапсырылды.
Сонымен қатар, “Тельман” шағынауданындағы 1200 орындық жаңа мектептің, А. Байтұрсынов атындағы №50 орта мектепке арналған 575 орындық қосымша ғимараттың құрылысында болып, сондай-ақ Б.Момышұлы атындағы №120 орта мектепте жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары тексерді.
Жаңа білім беру нысандарының пайдалануға берілуі балалардың оқуы мен жан-жақты дамуы үшін жағдай жасап, қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Осыған орай құрылыс басқармасына жұмысты бақылауды күшейтіп, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
Бұдан бөлек, қала әкімі Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасының екінші кезеңімен және Әйтеке би көшесінің ағымдағы жағдайымен танысты. Айта кету керек, мегаполистің инженерлік және автокөлік инфрақұрылымын дамыту – әкімнің тұрақты бақылауында. Мердігер ұйым өкіліне құрылыс нормалары мен өндірістік кестенің сақталуының маңыздылығын ескерткен әкім, жұмыстың сапалы аяқталуын тапсырды.
Сонымен қатар Еңбекші ауданында С.Көлбаев, К.Цеткин көшелерінің және Қапал батыр көпірінің санитарлық жағдайын және жарықтандырылуын да тексерді. Биыл ауданда 246 көшеге жарықшам орнату жоспарланған. Бүгінде оның 158-і жарықтандырылды, ал қалғаны жыл соңына дейін іске қосылады.