Шымкентте «Техникалық мамандар кадрлық резерві» жобасы аясында Шымкент қаласының білім басқармасы, «Shymkent» ӘКК АҚ, Академик А.Қуатбеков атындағы ХДУ-і, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма тараптары қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен өзара бірлескен меморандумға қол қойды.
Меморандум мақсаты — кәсіптік-техникалық білім деңгейі бар жастарды жаңа технологияларды игеру және шетелдік мамандарды жергілікті мамандармен тәжірибе алмастыру бағытында ірі және орта кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру, сондай-ақ жұмыс беруші персоналының әлеуетін қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмыс жүргізу.
Аталған кездесуде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова техникалық мамандықтардың мәртебесін көтеру мақсатын бағыттайтын жобамен таныстырды.
— Жобаға орта білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының техникалық мамандықтар бойынша бітіруші түлектері және NEET санатындағы жастарды тарту көзделуде. Жоба шеңберінде жастарға ақпараттық-насихаттау жұмыстары, бітіруші түлектерге қаламыздың ірі кәсіпорындарында үздік мамандардан шеберлік сағаттар, озық техникалық құралдарды меңгерген шетел мамандармен бірге іс-тәжірибеден өтуді ұйымдастырып, оларды тұрақты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз,-деді Б.Нарбекова.
Былтырғы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан 2500 адам өткен. Оның ішінде 17-28 жас аралығында 946 жас болса, ал техникалық мамандықтар бойынша 208 жас куәлік алып, 185 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ал, биыл жұмыс берушілердің сұранымы бойынша оқу ұйымдарында және жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру мақсатында өтінімдер жинақталып, 1632 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру жоспарланған. Кәсіптік оқытуға техникалық мамандықтарға басымдық берілуде. Оқытудан өткен соң, өтінім берген мекемелерге тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.