Бүгін Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов қала әкімдігінің инстаграм парақшасындағы тікелей эфирде аудан аумағын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
2021 жылы ауданда 27 балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылған. Биыл 35 аулаға абаттандыру жұмысы жүргізіліп, балалар алаңшасын салу көзделіп отыр.
Абаттандырылатын ауланың 26-сы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың өтінімі негізінде болса, 9 аула аудан әкімдігінің бастамасымен абаттанады. Бүгінде мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Қазіргі таңда ауданда 10 мүлік иелерінің бірлестігі және 374 жай серіктестік құрылып, аталған жұмыс 100 % орындалған.
А.Парманов көшелерге жарық шам орнату жұмысына да тоқталып өтті. Өткен жылы шалғай елді мекендердегі әлеуметтік нысан орналасқан 31 көше жарықтанса, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 38 көшеге шамдар орнатылады.
Аудандағы 200-ге жуық атауы жоқ көше құжаттарын ономастикалық комиссияға ұсыну мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, 2021 жылы 32 мыңнан аса жеке және көпқабатты тұрғын үйге «QR-code» үлгісінде тақтайша орнатылған. Биыл 18 мың үйге осындай тақтайша ілу жоспарланған.
Эфир барсында аудан тұрғындарынан 50-ден аса сұрақ келіп түсті. Сауалдардың көбі инфрақұрылым бағытында болды. А.Парманов әр тұрғынның сұрағына егжей-тегжейлі жауап берді.