Арыс қаласының тұрғыны Михаил Крокус ұлты орыс болса да қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, көпке үлгі болып жүр. Тіпті, өлең шығарып, қаражорға билейтін өнері де бар. Одан бөлек, 4 жылдан бері ораза ұстап, жұма сайын мешітке барып тұрады.
Жолдастары мен таныстары Михаилді Мәди деп атап кеткен. Ол «Қаражорға» биін өзінің қызығушылығымен меңгеріпті. Теледидардан кәсіби бишілердің іс-қимылан қарап отырып үйренген. Ал, қазақ тілін өскен ортасы қалыптастырған. Кішкентайынан қазақ отбасының балаларымен дос болған ол, бірге ойнап, балалық шақты бірге өткізген. «1998 жылы дүниеге келдім. 9-сыныпқа дейін Леңгір қаласындағы қазақ мектебінде білім алдым. Ал, кейіннен Арысқа қоныс аударып, осындағы орта мектепті бітірдім. Қазір екі тілде де еркін сөйлеймін», — дейді ол. Михаил Крокус — ІІМ-ге қарасты Алматы академиясының түлегі. Еңбек жолын Арыс қалалық полиция бөлімінде «жедел әрекет ету» бөлімінде бастаған. Ал, қазір учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып жүр.
«Аумағымда 3000-ға жуық халық бар. Мектеп, тойхана, дүкен және өзге де әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік құрылымдар орналасқан. Таңертең ертемен көшені аралап, ақсақалдармен кездесемін. Қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында қызмет етіп келемін», — дейді лейтенант. Михайл бір жыл ішінде 10-ға жуық қылмыстың ашылуына ұйытқы болыпты. Мәселен, үйіне ұры түскен тұрғынның арызымен жұмыс істеп, сол күні ашыпты. Базардағы орын алған ұрлық жайты бойынша да дереу әрекет етіп, күдіктіні көп ұзамай қолға түсірген. Сондай-ақ, Михаил мәдени спорттық іс-шараларға да үнемі қатысып отырады. Облыстық «Парасатты полицей» байқауында бас жүлдені жеңіп алған ол, республикалық сайыста үшінші орынды еншілепті.
«Жуырда Астана қаласында өткен «Татулық – тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық сайысқа қатыстым. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында өткен байқауға 19 полиция қызметкері қатысты. Сонда өзім шығарған өлеңмен таныстыруымды айтып, қаражорға биледім. Көрермен көз айымына айналып, ІІМ «Алғыс хатымен» марапатталдым», — дейді ол. Жуырда Михаил отбасын құрды. Бүгінде жұбайы Айдана екеуі алғашқы сәбилерін күтіп отыр.