13.06.2022 жылы сағат 12:47-де Кентау қалалық полиция бөліміне көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Ақпарат алысымен оқыс оқиға болған жерге бірінші кезекте патрульдік полиция тобының инспекторлары полиция аға лейтенанттары Мұрат Жүйрікбаев пен Асылбек Рақмет жеткен. Аталған тәртіп сақшылары келген бойда өрт болып жатқан пәтерге көтеріліп, оның темір есігін бұзуға әрекет етеді. Оларға басқа да тұрғындар көмектесіп, барлығы бірлесіп есікті құлатқан.
Полицейлер пәтердің есігі ашылған бойда түтін болып жатқан үйге газдан қорғайтын аспапсыз кіріп кеткен. Мұндағы басты мақсаттары үйдегі тұрғындарды мүмкіндігінше аман алып қалу. Өздерінің денсаулықтарына кері әсері тиетініне қарамастан полицейлер қою көк түтіннің ішіне еніп, іштегі 10 жасар қызды алып шығады. Оны бірден сыртқа шығарып, жедел жәрдем көлігіне салып жібереді. Кіреберіске түтін жайлап жатқанын көрген полицей М.Жүйрікбаев, қолындағы қаруын пайдаланып, ыс шығып кету үшін терезесін сындырады. Осы сәтте қолынан жарақат алған. Десекте оған қарамай, жұмысын абыроймен атқарып шыққан. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Кентау ҚПБ-нің жеке құрамы толық жұмылдырылған. Өрт болған үйде ешкім жоқтығына көз жеткізген полицейлер көршілерінің де үйде қалып кетпеуін қадағалады. Осы мақсатта полиция аға лейтенанты Хусан Исаев басқа пәтерлерді қайта қарап шығып, темір есік құлаған сәтте есігін ашып шыға алмай қалған көрші жас әйелді байқап, оны қауіпсіз аймаққа шығарады. Онымен қоса Х.Исаев өрт шыққан пәтердегі аса қауіпті газ баллонды алып шығып, қауіпсіздік орнауына қызмет етті. Бұл оқиғаның барлығы полицейлердің бейнежетонына жазылған. Өз кезегінде пәтер тұрғындарын құтқарып, өртті ауыздықтауға ат салысқан полицейлер: «Ақпаратты алысымен жедел, небары 2 минутта оқиға орнында болдық. Содан бірден 5-қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін бұздық. Іштен қызды, басқа да бірнеше көршілерін алып шықтық. Қазіргі таңда қыздың жағдайы жақсы екенін естідік. Осы үшін қуанамыз. Ең бастысы адамдардың амандығы, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы. Осы бағытта шаршамай қызмет ете береміз. Алайда кішкентай ұл баланы құтқара алмай қалғанынымызға өкінеміз»-деп атап өтті. Аталмыш үйдің басқа да тұрғындары қауіпсіз жерге өз күштерімен шыққан. Тілсіз жаудың орын алуына электр жүйесінің тұйықталуы немесе балалардың отпен ойнауы себеп болуы мүмкін дейді тиісті орган. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Оқыс оқиға Кентау қалалық полиция басқармасына ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігімен «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетсек, Кентау қаласында пәтерден өрт шыққан. Үйде 2 кәмелет жасына толмаған жасөспірім болған. Өрт болып жатқанын көрген жасөспірім ұл бала қорыққанынан 5-қабаттан секіріп кеткен. Ал үйдегі 10 жасар қыз ысқа уланып қалған. Екеуі де аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, 5-қабаттан секірген 8 жасар бала ауруханада қайтыс болған.