5.3 C
Шымкент
Четверг, 21 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТТЕ ВИРУСТЫ ГЕПАТИТТЕР БОЙЫНША ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова және «Шымкент обаға қарсы күрес станциясы» филиалының зертхана меңгерушісі Ботакөз Шаймерденованың қатысуымен «Вирусты гепатит. Нені білу маңызды?» және «Оба ауруы» тақырыптары бойынша өткен брифингте мәлім болды.
– Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың 7 айында «А» вирусты гепатитінің 3 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген 2 жағдайы «А» вирустық гепатитіне қарсы екпе егуден бас тартқандар. Созылмалы вирусты гепатиттерден оқушылар арасында СВГС («С» вирусты гепатитінің созылмалы түрі) 2 жағдайы тіркелді.
Вирустық гепатиттер — адамның бауырына әсер ететін және бауырдың, көкбауырдың, сарғаюдың және интоксикацияның ұлғаюымен көрінетін вирустық аурулар тобы. Созылмалы гепатиттің (алты айдан астам уақытқа созылатын бауырдағы диффузды қабыну процестері) вирустық емес түрі де кездеседі. Қазіргі уақытта қаладағы вирусты гепатиттер бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, — деді Айгүл Мелесқызы.
Спикердің сөзінше, жұқпалы аурулардың ішінде вирустық гепатиттер зардап шеккендер саны бойынша тұмаудан кейін 2-орын алады. Сондай-ақ, созылмалы вирустық гепатиттердің 286 жағдайы тіркелген.
Оның ішінде:
— Дельта агенті бар созылмалы «В» вирустық гепатиті — 3 жағдай;
— Дельта агентсіз созылмалы «В» вирустық гепатиті — 91 жағдай;
— Созылмалы «С» вирусты гепатиті — 190 жағдай.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдықтың 1,5 есеге өскендігін көрсетеді. Ал жазғы демалыс кезеңінде оқушылар арасында «А» вирусты гепатитінің 1 жағдайы тіркелген.
Вирустық гепатиттердің қоздырғыштары:
* «А» вирусты гепатиті;
* «В» вирусты гепатиті;
* «С» вирусты гепатиті;
* «D» вирусты гепатиті;
* «Е» вирусты гепатиті;
* «F» вирусты гепатиті;
* «G» вирусты гепатиті.
Жұқтыру факторлары:
• «А» және «Е» гепатиттері — ластанған су, жуылмаған көкөністер мен жемістер арқылы және жеке гигиена ережелерін сақтамау арқылы;
• «В», «С», «D» гепатиттері — адамның биологиялық сұйықтықтары арқылы: қан, сілекей, ұрық, сондай-ақ босану кезінде жұғады.
Вирустық гепатиттердің белгілері:
Барлық вирустық гепатиттер адамнан адамға жұғады. Жұғудың негізгі жолдары — қан және асқазан-ішек жолдары арқылы. Гепатит қоздырғыштары қоршаған ортаға төзімді. Барлық вирустар зақымдайтын негізгі орган – бауыр. Ауру негізінде бауыр жасушалары – гепатоциттер бұзылады. Барлық вирустық гепатиттер үшін көптеген биохимиялық көрсеткіштердің өзгерістері, олардың динамикасы ұқсас. Вирустық гепатиттерді емдеудің принциптері ұқсас.
Алдын алудың негізгі шаралары:
— «А», «В» және «Е» гепатитіне қарсы вакцинация;
— жеке гигиена ережелерін сақтау;
— таза су мен қауіпсіз тағам пайдалану;
— жеке гигиеналық құралдарды қолдану (маникюр және педикюр керек-жарақтары, ұстаралар, тіс щеткалары);
— зарарсыздандырылмаған жағдайда пирсинг пен татуировка жасамау;
— жыныстық қатынас қауіпсіздігін сақтау;
— медициналық құралдар мен жабдықтарды зарарсыздандыру;
— донорлық қан қауіпсіздігі.
Баспасөз жиынында сөз алған Ботагөз Шаймерденова, оба ауруының алдын алу шараларына да тоқталып өтті.
– Оба — аса қауіпті, жоғары жұқпалы, тез арада өлімге әкелетін, табиғи-ошақты індет. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде Шымкент қаласының тұрғындары арасында оба ауруы тіркелмеді. Індеттің көзі, табиғи тасымалдаушы — жабайы, үй кеміргіштері. Жұқтыру механизмі — жұғу жолдарының барлық түрлері, оның ішінде негізгісі трансмиссивтік, бүргелер және кенелердің шағуы арқылы. Қабылдағыш организмдер — кеміргіштер, басқа жануарлар түрлері, түйелер, адамдар. Адамдар оба ауруын тасымалдаушы бүргелер және кенелер шаққан кезде, ауру малды, оның ішінде ауру түйелерді сойып осқан кезде және обамен ауырған адамдармен байланыста болған кезде де және ауа-тамшы жолы арқылы жұқтырады.
Өткен ғасырдың 20 жылдарында Қазақстан және Орта Азияның шөл даласында обаның табиғи ошақтары анықталған. Оба бойынша энзоотик алық жалпы жер көлемі 89300 ш.км құрайды: Бетпақдалада табиғи ошақтың көлемі — 30900 ш.км, Мойынқұмда — 24800 ш.ш, Қызылқұмда — 33600 ш.ш. Бұл эпизоотиялық ошақтар Түркістан облысының Арыс, Созақ, Отырар, Шардара аудандарында орналасқан.
«М.Айқымбаев атындағы АҚИҰҒО» ШЖҚ РМК «Шымкент обаға қарсы күрес станциясы» филиалы Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм шөл далаларындағы табиғи ошақтарында мониторингтеу, зертханалық зерттеулер, алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізеді.
Обаны болдырмау мақсатында келесі алдын алу шаралары жүргізіледі: тәуекел топтағы адамдарды обаға қарсы вакцинациялау, құм тышқандардың індерін дәрілеу, ауылдарда үй кеміргіштерін жою, індет ошақтарын залалсыздандыру, медицина қызметкерлерін клиника және емдеу, алдын алу бойынша дайындау, тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізу.
Құрметті қала тұрғындары, Түркістан облысындағы обаның табиғи ошағы бар жоғарыда аталған аудандарға барғанда бүрге, кене шағуынан сақ болғандарыңыз жөн, — деді спикер.

Ұқсас ақпараттар

13 ТҰРҒЫН АЛАПТЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ ҮШІН ЖСҚ ӘЗІРЛЕНЕДІ

smarttop

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

smarttop

«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

smarttop

Пікір қалдыру