16.3 C
Шымкент
Пятница, 20 сентября, 2024
Smarttop.kz

ҰЖЫМДАҒЫ ЕҢБЕК ДАУЫН БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ШЕШУДІҢ ӨЗІНДІК РЕТТІЛІГІ БАР

Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының медиаторы Еркін Отарбаев еңбек дауларын оңтайлы шешудің жолын түсіндіріп берді.
Қазіргі таңда ұжымда еңбек дауы орын алса, ең алдымен азаматтар әділдік іздеп БАҚ-қа немесе сотқа жүгінеді. Алайда, бұл дауды сотқа жеткізбей, ұжымда-ақ бітімге келудің механизмі жасалған. Бауыржан Қалжановтың айтуынша, ұжымдық еңбек дауларын шешудің өзіндік реттілігі бар.
– Жұмыс беруші ұжыммен бір мәмілеге келе алмаса, қос тараптан өкілдерінен құралған татуластыру комиссиясы түзіледі. Ұжымдық дау мұнымен келісімге келмесе, еңбек төрелігі бойынша арнайы комиссияда қаралады. Бұл комиссияға екі тараптан да өкілдер қатыстырылмай, әкімдік қызметкері, кәсіподақ өкілдері және еңбек инспекторынан құралған үш жақты комиссия жасақталады. Мәселе мұнымен реттелмеген жағдайда сотқа жүгіне алады. Айта кетерлігі, арнайы түзілген комиссиялар дауды қарау кезінде жұмысшылардың еңбекақысы толық сақталады, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.
Елімізде соңғы жылдары ұжымдық еңбек даулары әлеуметтік шиеленіске ұласуда. Мұндай жағдай қоғамның саяси тұрақтылығына кері әсерін берері анық. Ұжымдық еңбек дауына көбіне жұмысшылардың алып отырған еңбекақысына қанағаттанбауы және оның уақытында төленбеуі, тиісті еңбек жағдайдың жасалмауы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны секілді жағдайлар себеп болып отыр.
–Бүгінде кәсіподақтардың араласуымен түсіндірме жұмысын жүргізудің нәтижесінде аталған еңбек даулары уақтылы шешімін табуда. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігіне 2023 жылдың 8 айында 3 мекемеде еңбекақы бойынша еңбек дауы тіркелді. Бұл мекемелер – «ТТК» «Радуга» және «Т-Бас» ЖШС-і. Аталған үш мекемедегі дау келісім комиссиясын құру арқылы шешімін тапты. Сонымен қатар, кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» жұмыс істейді. Осы жылдың 8 айында 49 кәсіподақ мүшесіне тегін консультациялық көмек беріліп, заңгерлердің кеңесі арқылы жұмысшылар дауды өзара шешудің жолын үйренді, – дейді Б.Әлтеев.
Брифинг барысында медиатор Е.Отарбаев та ұжымда дау болған жағдайда жұмысшылар бірінші кезекте сотқа емес, жоғарыда аталған реттілік бойынша шешуге кеңес беретінін айтты. Маман дауды сотсыз шешу – шығынсыз әрі бейбіт келісім екенін алға тартты.
«Шымкент келбеті»

Ұқсас ақпараттар

Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов Астана күнімен құттықтады

smarttop

Ө.ШӨКЕЕВ: «ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІН ҮЛГІ РЕТІНДЕ КӨРСЕТЕ АЛАМЫЗ»

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 1 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ КӘСІПТІК ОҚУҒА ЖОЛДАНАДЫ

smarttop

Пікір қалдыру