5.3 C
Шымкент
Четверг, 21 ноября, 2024
Smarttop.kz

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА 3-ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІК

Шымкент «Республикалық маңызы бар қала» статусына ие болғалы экономикасының қарқынды өсіп келе жатқанын шаһар тұрғындарының өздері де сезініп отырған болар. 2020 жылғы коронавирус пандемиясы, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының салқыны, кейінгі жоғарғы инфляция жағдайларына қарамастан тұрақты даму үстіндеміз. Айталық, биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар. Қаланың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, республика бойынша алғашқы 3-орынға көтерілген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 6 орынды құраған).

Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты, жергілікті бюджеттің түсімдері де артқан. Биыл бюджет шығыстарының көлемі 764,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107,0 млрд теңгеге көбейді. Ал, бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8%-ға артығымен орындалды. Бюджет көлемінің артуына байланысты халықтың табысын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.

Экономиканың тұрақты өсіміне инвестиция көлемінің артуы да септігін тигізуде. Ақиқаты сол, Шым қала еліміздегі инвесторларға тартымды өңірлердің біріне айналып отыр. Ресми мәліметке сүйенсек, Шымкентте инвестиция көлемі 14 пайызға артқан екен. Тарқатып айтар болсақ, 2024 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 324.7 млрд теңге тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артты. Жыл соңына дейін 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткішті былтырғы жылмен салыстырғанда 28,1%-ға арттыру күтілуде. Жалпы алдағы 3 жылда 3,6 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мәселен, 2024 жылы – 928,7 млрд теңге, 2025 жылы – 1 194,8 млрд теңге, 2026 жылы – 1 493,5 млрд теңге.

Сонымен қатар, 2024-2028 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 29,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Биыл жалпы құны 261,8 млрд теңгені құрайтын, 6336 жаңа жұмыс орнын құрумен 64 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.

Сондай-ақ, қала аумағында жалпы аумағы 1 307 га құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Аймақтарда, бүгінгі таңға 230 млрд теңгені құрайтын 8 мың жаңа жұмыс орнымен 289 жоба іске асырылды. Индустриялық аймақтарда инвесторларға ұзақ уақытқа жалға алу негізінде инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелері ұсынылады. Кәсіпорындар коммуналдық қызметтерге төмендетілген тарифтерді пайдаланады және арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Инвестиция тарту мақсатында қалада жалпы аумағы 1 660 га құрайтын логистикалық хаб құру мақсатында сауда-логистикалық орталығын қосымша 136 гектарға ұлғайту, ауыр металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға «Темір» индустриялық аймағы (1076 га), жеңіл өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға ұлғайту және дайын өндірістік алаңдар құру мақсатында 118 га аумаққа «Стандарт» жеке индустриялық аймақтары құрылуда. Аталған аймақтарда инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 330 жоба 15 мың жұмыс орнын құрумен іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда сауда-логистикалық аймағын кеңейту бойынша инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталып, 2025 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Ал, «Стандарт» жеке индустриялық аймағында шағын және орта кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Өндірістік аймақтарда негізінен, өңдеу өнеркәсібінің жобалары орналастырылады.

«Шымкент инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып отыр» деген сөзіміздің таағы бір дәлелі — таяуда ғана қаламызда әлемдік бренд — COCA-COLA-ның сусын шығаратын зауыты ашылды. Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағында өткен«Coca-Cola Kazakhstan» сусын өндіру зауытының салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысқан болатын.

Мегаполис басшысы бұл жобаның қала дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Инвестициялық климатты жақсарту — мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз», – деді Ғ. Сыздықбеков.

Жобаның құны 27 млрд теңге, ал жылдық өндірістік қуаты – 283 млн литр өнім. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Компанияның өнім ассортиментінде газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі көлемдегі шырындар бар.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асқан. Енді COCA-COLA зауытының арқасында өнім көлемінің тағы да миллиардтарға артатыны сөзсіз.

Кешегі аптаның соңында қаламызға арнайы іссаапармен келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов те осы зауытта болыпа, жай-жапсарымен танысып қайтқан болатын.

Иә, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске кешегі апта Премьер-Министр ат басын тіреді. Ол ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен кездесті. Президент Жолдауындағы өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу және экономика өсімінің жаңа нүктелерін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру барысы мен шаралары талқыланды.

Сапар барысында Премьер-Министр қаланың өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. «Химфарм» фармацевтикалық зауытының аумағында Үкімет басшысына өндірістік қуаттар жыл сайын 1 млрд бірлікке дейін таблеткалар, капсулалар мен түйіршіктер, 250 млн ампула инъекциялық ерітінділер және басқасын шығаруға мүмкіндік беретіні баяндалды. Фармацевтикалық кәсіпорын 89 аталым бойынша дәрілік заттарды жеткізеді. Қаланың фармацевтика саласында кәсіпорынның үлесі 99,2%-ды, республика бойынша – 43%-ды құрайды. Кәсіпорында 897 адам жұмыс істейді. Қызметкерлер Еуропа елдерінде үнемі бейіндік оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді. Үкімет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті

Шымкент қаласының Алтынтөбе елдімекеніндегі «Алан және Компания» джем мен шырын өндіретін кәсіпорнына барған кезде зауыт сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталғаны баяндалды. 45 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған, алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіріледі. Компанияға «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Импортты алмастыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар енгізілді. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, сақтау сыйымдылықтары мен технологиялық жабдықтарды жаңғырту үшін инвестицияларды белсенді тарту, сондай-ақ қосымша өндірістік қуаттарды құру көзделген. Премьер-Министр аталған шаралар салаға елеулі қолдау көрсететінін және отандық қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл ішкі нарықты толтыруға және импортты алмастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы The Coca-Cola Company сауда белгілері бар алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытпен танысқанын даа жоғарыда айтып өттік.

Премьер-Министр жергілікті жерлерде инвесторларға көрсетілетін қолдау шараларына, сондай-ақ олар шығаратын өнімнің сапасын үнемі арттырудың маңызына назар аударды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында дамудың ары қарайғы келешегіне назар аударылды.

«Оңтүстік» индустриалды аймағының аумағында Үкімет басшысы сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Үкімет басшысы сондай-ақ «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен танысты.

Сапар барысында Премьер-Министр жаңа салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және жол нысандары мысалында Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды.

Сондай-ақ Үкімет басшысына қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 км «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.

Жалпы, қаламыздың даму бағыты Үкімет басшының ғана емес, Президенттің де көңілінен шығып отырғаны даусыз. Таяу арада Түркістанға арнайы мәртебе беріліп, ол заңмен шегеленетін болады. Бұл дегеніміз, Түркістан қаласының дамуына да ерекше көңіл бөлініп, туристердің келуі артады деген сөз. Ал Түркістанға келген жанның көбі Шымкентке соқпай кетпейді. Түркістан мен Шымкент қалаларын егіз деуге болады, сондықтан Шымкенттің алдағы уақыттардағы даму көрсеткіші бүгінгіден де қарқындырақ болатыны сөзсіз.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ: МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БИЫЛ 1000-НАН АСТАМ ОҢАЛТУ ҚЫЗМЕТІ КӨРСЕТІЛГЕН

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ СҮТ КЛАСТЕРІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

smarttop

ҚАЛА ӘКІМІ ТӨРТ ТҰРҒЫН АЛАПТЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

smarttop

Пікір қалдыру