Жалпы, республикалық маңызы бар қала – жер аумағы шектеулі, қазба байлығы жоқ, негізгі экономикасы бизнеске, өндіріс орындарына тәуелді аймақ қой. Сондықтан, қала экономикасын көтеру үшін әкімдерге инвестиция тарту, бизнеске қолайлы жағдай жасау жұмыстарымен үздіксіз айналысу қажет. Бәлкім, әкімнің жұмысын да осы экономиканың өсіміне қарап бағалауға болатын шығар. Әйтеновтің уақытында қалаға тартылып жатқан инвестицияның да артып отырғанын, экономикалық өсімнің оң көрсеткішке ие болып отырғанын ескерсек, әкімнің жұмысын жоғары бағалауға болады деген сөз. Алдағы уақытта да осы жүрісімізден танбай, алға жылжи береміз деген үміттеміз.
Естеріңізде болса, «Үкімет Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірледі, онда бұрынғы басымдықтар — урбандалу, ірі агломерацияларды және тірек елді мекендерді дамыту қалған. Урбандалу көрсеткіші бойынша жарыс негізсіз, өйткені оның артында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру міндеті қалып барады.
Қазіргі уақытта аймақтық саясаттың нақты проблемасы қала халқының аздығында емес, шашыраңқы дамуында. Урбандалу курсы бұған көп ықпал етті. Ішкі көші-қон процестері іс жүзінде реттеуден шығып кетті. Урбандалу экономикалық қана емес, әлеуметтік те процесс екенін түсіну керек. Ірі қалалардың барлығына дерлік өзекті әлеуметтік проблемалар қордаланған, жартылай ауылдық-жартылай қалалық елді мекендер бар. Анық етіп атар болсақ, бұл – «кедейлік белдеулері».
Біз урбандалуды арттыруға тырысамыз, бірақ адамдар өзі қалаған жерде өмір сүргісі келеді. Бұған ірі қалалардағы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға деген ұзын-сонар кезек куә. Екінші жағынан, халықтың ауылдық жерлерден копарыла көшуі құлдырауға алып келеді. Бұл «жарылмай қоймайтын бомба».